Қарағандыда 1 жасар баланы анасы ауруханаға тастап кетті

None
None
ҚАРАҒАНДЫ. ҚазАқпарат - Қарағандыда әйел 1 жасар баласын ауруханаға тастап кетті. Мамыр мерекелері күніне орай сәбидің анасы екі сағатқа үйіне барып келуге сұранған. Содан бері екі апта өтті, баланың анасынан хабар жоқ, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Сәбилер ауруханада міндетті түрде аналарымен болуы керек. Балаға туған анасының қамқорлығы ауадай қажет. Ал диагнозы күрделі балаларды анасынан ажыратуға мүлдем болмайды. Баланың екі өкпесіне де суық тиген. Ол ауруханаға бірінші рет түсіп отырған жоқ. Оның жүрегінің ақауы бар, Көкшетауда операция жасалған. Содан соң отбасы мүшелері Абай ауданына көшкен. Сәби респираторлық бөлімге ауыстырылғанда онымен бірге әкесі мен анасы кезек-кезек жатқан болатын. Ал мамыр айының басында сәбидің анасы үйіне екі-үш сағатқа сұранып кетіп, содан баласына қайтып оралмады. 23 сәуірден бастап, бала медицина қызметкерлерінің қарауында, ауруханада жатыр. Сәби көпбалалы отбасынан, ол отбасындағы 6-шы бала», - деді Қарағанды облыстық Денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметінен.

Ведомствоның мәліметтері бойынша, аурухана әкімшілігі бұл ақпаратты баланың тұрғылықты мекенжайындағы емханаға жіберген. Сәбидің ата-анасы келмейтін болса, оның тағдырын қорғаншылық органдары шешетін болады. Дегенмен, балаға әлі ауруханада жату керек, өйткені ол емін толық алып болған жоқ.

Өз кезегінде сәбидің анасы жағдайды былайша түсіндірді: «Біз баланы тастаған жоқпыз. Иә, ол ауруханада жалғыз жатыр. Бұған себеп те бар. Сіздер жағдайды толық білмейсіздер. Менде ұлымнан басқа қыздарым бар. Олардың жасы 3-те және 6-да. Мен күйеуіммен Абай ауданында тұрамын, отағасы Қарағандыда жұмыс істейді. Біз тек бір адамның тапқанына қарап отырмыз. Үлкен балалар оқуда, ал кішкентай қыздарға қарайтын адам жоқ. Мен ауруханада жатқанда олар үйде жалғыз өздері отырды. Мен қазір әрине, баламның қасында болғым келеді. Ол өте жиі ауырады. Біз оның мүгедектігі үшін жәрдемақы да аламыз. Бірақ ол жетпейді. Кейде менің өзім де нәпақа табу үшін ыңғайы келген жұмысты істеп кетемін», - деді сәбидің анасы.

Әйелдің сөзінше, ол жуық арада қыздарымен бірге ауруханаға бармақшы. Ол басшылардан ауруханада қыздарымен бірге жатуға рұқсат беруді сұрамақ. Сонымен қатар әйел баласынан бас тартпайтынын да жеткізді.

Соңғы жаңалықтар