Қарағанды, Жезқазған, Теміртау тұрғындарына «Сарыарқа» газы беріле бастайды

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Биыл Қарағанды, Жезқазған, Теміртау қалаларында жалпы 398 үйдің тұрғындарына газ беріледі. Бұл туралы бүгін Үкімет үйіндегі баспасөз мәслихатында ҚР Энергетика вице-министрі Мұрат Жүребеков айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Қарағанды облысының әкімдігі автоматтандырылған газ тарату стансасынан Қарағанды, Теміртау және Жезқазған қалаларына газ құбырын бұру және тарату желілерін салуды қарастырып отыр. Қарағанды облысында газ тарату желісін салу үшін биыл республикалық бюджеттен 2,4 млрд теңге бөлінген. Оның 1 млрд теңгесі Қарағанды, 1 млрд теңгесі Жезқазған, 400 млн теңгесі Теміртау қаласына жұмсалады», - деді вице-министр.

Оның дерегінше, 3 қалада да мердігер ұйым айқындалып, олар құрылыс-монтаждау жұмыстарын бастап кетті. Қарағанды қаласына 38 шақырым немесе жоспарланған құбырдың 90 пайызы жеткізілді. Ал Жезқазған қаласына жоспарланған құбыр өнімдері 100 пайыз жеткізіліп, оның 66 пайызы дәнекерленген. Теміртау қаласына да құбыр өнімдері 100 пайыз жеткізіліп, 50 пайыздан астамы дәнекерленіп үлгерді.

«Қарағанды облысының әкімдігі жыл соңына дейін Жезқазғанда - 148, Теміртауда - 100, Қарағандыда 150 үйдің тұрғындарына газ қосуды жоспарлап отыр. Толықтай алғанда, Қарағанды облысы әкімдігінің ақпаратына сәйкес, 1-кезең құрылысын аяқтау 2020 жылдың мамырына жоспарланған», - деді Мұрат Жүребеков.

Соңғы жаңалықтар