«Қарағанды – Жезқазған» пойызы күн сайын қатынай бастады
№610/609 пойызы бұрынғы бағыт бойынша 28 елді мекенге аялдайды: Қарағанөзек, Қарабас, Құлайғыр, Қарамұрын, Дария, Бұрма, Жарық, Көктенкөл, Жаңаарқа, Атасу, Мыңадыр, Жомарт, Жеңіс, Қызылжар, Түйемойнақ, Теректі станциялары және 12-разъезд. Бұл теміржол қатынасы әлеуметтік маңызды болып табылады.
Пойыз Қарағандыдан сағат 18.02-де (жол жүру уақыты 11 сағат 37 минутты құрайды), ал Жезқазғаннан сағат 22.10-да жөнелтіледі.
Құрам алты вагоннан (екі купе, үш плацкарт және бір жалпы) құралған. Өткен жылы олар Гомель вагон жасау зауытында күрделі жөндеуден өтті.
Естеріңізге сала кетейік, осыған дейін «Қарағанды – Жезқазған» пойызы күнара жүрген болатын. Өткен жылы 100 мыңнан астам жолаушы тасымалданды, алдағы уақытта бұл санды 1,5-2 есеге арттыру жоспарлануда.