Қарағанды вокзалын қалпына келтіру жұмыстары аяқталуға жақын

None
None
ҚАРАҒАНДЫ. ҚазАқпарат – Қарағанды қаласының теміржол вокзалында жөндеу жұмыстары аяқталуға жақын. Қалпына келтірілген бас ғимарат осы аптада ашылатыны күтілуде, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Жолаушылар көп ұзамай жасалған өзгерістерге баға бере алады. Алайда, жаңа корпустың құрылысы әлі де жалғасуда. Ондағы жұмыстарды құрылысшылар қараша айында аяқтауды жоспарлап отыр.
Бұл нысан Қарағанды облысының әкімі Ерлан Қошановтың тұрақты бақылауында. Өңір басшысы жұмыс сапары барысында вокзалға барып қайтты. Оны жұмыстың сапасы мен жобаның толық аяқталу мерзімі қызықтырды», - деді аймақ әкімдігінен.


Құрылысшылар вокзалдың ескі ғимаратын күрделі жөндеуден өткізді. Ғимаратта электрондық ақпараттық табло қосылады. Қазіргі уақытта еденді жылыту және термореттеу жүйелерінің жұмыс істеуіне тексеру жүргізілуде. Мұнда кассалар, багажды тексеру пункттері, екі күту залы бар. Мүмкіндігі шектеулі адамдарға, ана мен балаға арналған бөлмелер пайда болды.

Вокзалдың жаңа корпусының құрылысы кесте бойынша жүріп жатыр. Қаңқасы тұрғызылды, ішінде әрлеу жұмыстары, лифт пен эскалаторлар орнату жүріп жатыр. Сонымен қатар қасбетті травертинмен қаптау басталды.


«Платформаларға апаратын конкорстық өткелді монтаждау үшін барлық қажетті шарттар жасалды. Құрылыстың бұл бөлігін қазан айының басында аяқтауды жоспарлап отырмыз», - деді «Қазақстан темір жолы» АҚ филиалының бас директоры Еркін Мейірбеков.
Темір жол вокзалының жаңа қанатында қосымша кассалар мен күту залдары, фудкорттар орналасқан. Мүмкіндігі шектеулі адамдарға арналған көтергіштер орнатылады.
Ерлан Қошанов жолаушыларға ыңғайсыздық тудырмау үшін кестені қатаң сақтауды және қатты суыққа дейін жаңартылған вокзалды ашуды тапсырды.
Айта кетейік, вокзал ғимаратына мұндай ауқымды реконструкция бұған дейін жүргізілмеген. Құрылысшылар үшін басты міндет ғимараттың тарихи келбетін сақтап, сонымен қатар оны қазіргі заманғы нормалар мен талаптарға сәйкес ету болды. Аокзалдың өткізу қабілеті 2,5 есеге артатыны күтіледі.



Соңғы жаңалықтар