Қарағанды университеттері Қазақстанның үздік 20 ЖОО қатарына енді

None
None
ҚАРАҒАНДЫ. ҚазАқпарат - Қарағанды мемлекеттік техникалық университеті және Е.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университеті ТОП-20 жоғары оқу орындары тізіміне ілікті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Ең үздіктердің тізімін Тәуелсіз аккредиттеу және рейтинг агенттігі жасаған болатын. Биыл агенттік рейтингісіне 87 қазақстандық ЖОО қатысты. Бағалаудың негізгі өлшемшарттары ретінде оқу ордасында талантты студенттердің, оқытушылар мен зерттеушілердің жоғары шоғырлануы, академиялық ұтқырлық, түлектердің бәсекеге қабілеттілігі, оқытушылардың, магистранттар мен докторанттардың ғылыми жарияланымдары қарастырылды.

Е. Бөкетов атындағы ҚарМУ осы көрсеткіштер бойынша төртінші орынды иеленді, ал ҚарМТУ - бесінші орында.

Рейтингте көш бастап тұрған үштік - Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті, Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті, М. Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университеті.

Рейтинг құрастырушылар нақты мамандықтар бойынша үздік мамандар дайындайтын университеттерді де атап өтті. Мысалы, Е. Бөкетов атындағы ҚарМУ педагогикалық және заңгерлік мамандықтар, әлеуметтік, экономикалық және жаратылыстану ғылымдары бойынша ТОП-10 тізіміне кірді. Ал техникалық мамандықтар бойынша үздік ондыққа ҚарМТУ енді.

Тәуелсіз аккредиттеу және рейтинг агенттігі үздік оқытушыларды да атап өтті. ТОП-50 құрамына: ҚарМТУ Энергетика, автоматика және телекоммуникация факультетінің оқытушысы, профессор, техника ғылымдарының кандидаты Али Джаванширович Мехтиев; ҚарМТУ инновация және оқу-әдістемелік жұмыс жөніндегі проректоры, техника ғылымдарының докторы, профессор Аристотель Зейноллаұлы Исағұлов; ҚарМТУ машина жасау факультетінің оқытушысы, доцент, Виталий Юрьевич Куликов; ҚарМТУ Энергетикалық жүйелер кафедрасының аға оқытушысы Елена Геннадьевна Нешина және басқалар кірді.

Е.Бөкетов атындағы ҚарМУ Физика-техникалық факультетінің оқытушысы, профессор Қобыланды Мүмәрәкұлы Тұрдыбеков, профессор, техника ғылымдарының докторы Мұрат Ыбырайұлы Рамазанов және техника ғылымдарының докторы, профессор Ниязбек Хамзаұлы Ыбраев үздік деп танылды.

Сондай - ақ, рейтингте Қарағанды мемлекеттік индустриялық университетінің оқытушылары - Виолетта Александровна Андреященко мен Бақыт Ахатұлы Жәутіков та атап өтілді.

Соңғы жаңалықтар