Қарағанды тұрғынын өрттен құтқарған ұландық офицер марапатталды

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Қарағандыда жанып жатқан үйдің иесін құтқарып қалған Ұлттық ұланға қарасты 6505 әскери бөлімнің офицері, аға лейтенант Шыңғыс Қалижанов марапатталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат ведомствоның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Еске сала кетейік, 14 мамыр күні Қарағандыда ұландық офицер жер үйдегі өрттің өршіп кетуіне жол бермей, үй иесін қауіпсіз жерге алып шыққан болатын. Жауынгердің сауатты әрекетінің арқасында Татьяна Дмитрук аман қалып, қызыл жалын жер үйдің аумағына жайылған жоқ.

Ол ішкі істер министрінің бұйрығымен «Өртте көрсеткен қайсарлығы үшін» медалімен наградталды. Награданы ұландық батырға генерал-лейтенант Ерлан Тұрғымбаевтың атынан Ұлттық ұлан «Орталық» өңірлік қолбасшылығының қолбасшысы, генерал-майор Еркін Ботақанов табыстады.null

Генерал дер кезінде көрсеткен қайсарлығы мен өжеттігі үшін офицерге алғыс білдіріп, оның жедел көмегі мен жанкештілігінің арқасында адам өмірі аман қалғанын айтып өтті.

«Шыңғыстың әрекеті - әр қазақстандыққа және Ұлттық ұлан әскери қызметшілеріне үлгі. Ол тек қызметте ғана емес, өмірдің кез келген тосын сәтінде ерлік танытуға болатынын көрсетті», - деді генерал-майор Еркін Ботақанов.

Шыңғыс ішкі істер министрінің наградасынан бөлек, Ұлттық ұлан бас қолбасшысының бұйрығымен де марапатталды. Марапаттау кешінде оған әріптестері мен өрттен аман қалған Татьяна Дмитруктың алдында ІІ дәрежелі «Ұлттық ұлан қызметінің үздігі» төсбелгісі табыс етілді.

«Шыңғыс өте өжет екен. Осындай Отан қорғаушылар көбірек болса деймін. Оның қайсарлығы мен шапшаңдығының арқасында ешқандай шығын орын алған жоқ. Отбасымыздың атынан Ұлттық ұланға және жігерлі жауынгерлерге алғыс айтамыз, әсіресе, ішкі істер министрі мен ержүрек, адал жауынгер дайындаған командирлерге деген алғысымыз шексіз», - дейді Татьяна Дмитрук.

null

Соңғы жаңалықтар