Қарағанды тұрғыны әйгілі әнші Рианнаның бейнероликтеріне монтаж жасап берді

None
ҚАРАҒАНДЫ. ҚазАқпарат – Қарағандылық саунд-дизайнер Әділхан Дүйсембаев R&B және поп-музыка орындаушысы Рианнаның промороликтерімен жұмыс істеді. Оның жұмыс нәтижесі тапсырыс беруші BRTHR студиясына ғана емес, әншінің өзіне де ұнаған, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Әділхан Дүйсембаев бұл салаға жаңа келген маман емес. Ол 10 жылдан бері фото және видео түсірумен, сондай-ақ монтаждаумен айналысады. Snipes және Levi's сияқты танымал брендтермен жұмыс істеген. Биыл қазақстандық брейкдансер Николай Черников туралы деректі фильм түсірді.

Рианнаға арналған видеоларды монтаждау тапсырысы Әділханға шоу-бизнес жұлдыздарымен бұрыннан жұмыс істеп келе жатқан BRTHR студиясынан келді.

«Мен Savage x Fenty Show үшін промороликтермен жұмыс істедім – бұл Рианна брендінің жыл сайынғы сән көрсетілімі туралы арнайы америкалық телевизиялық шығарылым. BRTHR студиясының режиссерінен тапсырма алдым және олар барлық әрекетіме толық еркіндік берді. Жұмысты уақытында аяқтау үшін таңертеңнен кешке дейін екі апта бойы, үйден шықпай еңбек еттім. Бұл Рианнаға арналған екінші бейнеролик. Сондай-ақ мен осы жобаға арналған жарнама ролигінің монтажын жасадым. Оның қалай шыққанын @urbanfocus93 Instagram-парақшамнан көруге болады», - дейді Әділхан.


Жас жігіттің бұл салада арнайы білімі жоқ. Әділханның айтуынша, ол алдымен фотоға, содан кейін видео түсіруге қызығушылық танытқан. Басқалардың не істеп жатқанын көп бақылап, осы саладағы әуесқойлармен және мамандармен араласа бастаған. Америкалық рэпер ScHoolboy Q-дің Мәскеудегі концертінің түсірілімі оның кәсібилігіне серпіліс әкелген.

«Бұл екі жыл бұрын болған оқиға. ScHoolboy Q – кумирім. Мен оның концертіне билет сатып алдым және аккредиттелмеген болсам да, түсіруге бел будым. Ұйымдастырушылардың бірі қарағандылық болатын, ол мені ScHoolboy Q-мен таныстырды. Музыкант мұны көргенде мені өзінің сторизіне шығарды. Сол кезде бізді оның 5 миллионға жуық жанкүйері көрді. Содан кейін концертте түсірген бейнеролигімді Instagram-да жарияладым. Ол 15 мыңға жуық қаралым жинады. Менің ойымша, олар мені сол кезде байқады. Қазір интернеттің көмегімен бүкіл әлемге танымал болуға мүмкіндік бар. Тек өз ісіңе сеніп, оны сүю керек», - деп есептейді Әділхан.

Рианнаның роликтерімен жұмыс істегеннен кейін қарағандылыққа көптеген жаңа ұсыныстар келіп түскен. Ол жайлы Әділхан әзірге бөліскісі келмейтінін айтады.


Соңғы жаңалықтар