Қарағанды театры Ақ Жайық жұртшылығына өз өнерлерін көрсетті

None
None
ОРАЛ. ҚазАқпарат - С.Сейфуллин атындағы Қарағанды облыстық қазақ драма театры гастрольдік сапармен Батыс Қазақстан облысында болды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі. 

Халықтар достығы орденді Қарағанды облыстық драма театрының бұл шығармашылық сапары «Туған жерге тағзым» деп аталды.

Өткен жылы өзінің 85 жылдығын атап өткен Арқадағы театр мерейтойдан биыл да кенде емес. Театр актері әрі драматургия саласында қалам тербеп жүрген ҚР еңбек сіңірген әртісі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Кеңес Жұмабеков пен мәдениет қайраткері, «Құрмет» орденінің иегері Гүлсара Рәшқалиева жетпіс жастың биігіне көтеріліп отыр.

Ақ Жайықтан түлеп ұшып, Арқада танылған қос өнер саңлағы туған жерге тағзым ретінде театр ұжымымен бірге Орал сахнасында Александр Галиннің «Қайран, жас дәурен!» ретроқойылымы (режиссері Д.Еспаев) мен Кеңес Жұмабековтің «Адасқандар» драмасын (режиссері С.Жұмағали) қойды.

Оралдықтар Х.Бөкеева атындағы БҚО қазақ драма театрында қойылған қос спектакльді де ерекше ықыласпен тамашалады. Әсіресе, Ислам дінінің атын жамылған өтірік діншілдердің сөзіне ілесіп, ата-анасын тыңдамай, жат ағымдардың жетегінде шет ел асып кетіп, тағдыры тәлкекке түскендер жайын өткір қозғаған «Адасқандар» драмасын толқымай көру мүмкін емес. Мұндай қойылымдар ең алдымен жастар үшін керек.

«Бұл сапар біз үшін айрықша есте қаларлықтай болды. «Қаз тойғанына емес, орғанына семіреді», деген, бірнеше күн бойы көрермендердің алғыс-қошеметіне бөлендік. Облыс басшысы Алтай Көлгінов арнайы қабылдап, құрмет көрсетті. Мен өзім 70-ке келсем, соның 50 жылын Арқада өткіздім. Бүгін қандай биіктерге қол жеткізсем, соның бәрі қара шаңырағым - Қарағанды театрының арқасы екендігі айдай анық. Өнер сапары үзілмесін!» деді Кеңес Жұмабеков.

null 

Соңғы жаңалықтар