Қарағанды полицейлері жанып жатқан үйден газ баллонын алып шықты

Фото:
ҚАРАҒАНДЫ. ҚазАқпарат - Қарағанды облысының полицейлері жанып жатқан үйден газ баллонын алып шықты, деп хабарлайды Polisia.kz.

15 ақпан түнгі сағат 22:40 шамасында Қарағанды облысы Абай аудандық полиция басқармасының патрульдік полиция взводының қызметкерлері Азамат Тастенұлы мен Мейіржан Дюсекенов Абай қаласындағы Промышленный көшесінде жер үйден шыққан қою түтінді көрген.

Полиция қызметкерлері Калинин көшесінің қиылысымен бірден сол жаққа бет алып, түтін шыққан үйге барған.

– Бірден от шыққан үйге бардық. Тоқтай бергенімізде біздің қызметтік көліктің алдынан қолында кішкентай баласы және жанында жасөспірім қызы бар әйел жүгіріп шығып, «үйімізден өрт шықты, көмектесіңіздер» деп айқайлады. Сондай-ақ азаматша газ баллоны барын айтты. Әйелді балаларымен бірге көлікке отырғыздық. Мен бірден кезекші бөлімге хабарласып, өрт сөндірушілерді шақырдым, – дейді төтенше жағдайға бірінші болып жеткен Мейіржан Дюсекенов.

Осы уақытта Мейіржанның әріптесі Азамат Тастенұлы жанып жатқан үйге қарай жүгірген.

– Үйге жақындағанымда маңында өрт сөнідіріп жүрген азаматтар болды. Олардан үйде газ баллоны бар-жоғын сұрадым. Сөйтсек, өрт шыққанда үйдегілер сыртқа шыққанда баллонды шығаруға ұмытып кеткен. Үйдің кіре берісі түгел отқа оранғандықтан ол жерден ішке кіру мүмкін болмады. Бір кезде сол маңда жүрген бір азамат үйдің арт жағынан маған газ баллоны тұрған жерді көрсетті. Ол жерге терезе арқылы кірдім. Ол кезде үйдің төбесі жанып, іші түтінге толып кеткен еді. Қолымдағы қолшамды жағып, газ баллоны тұрған жерді тауып алдым. Жалғанған құбыршегін кесіп, баллонды далаға алып шықтым, – дейді Азамат Тастенұлы.

Араға бірнеше минут салып, өрт сөндірушілер келіп, үйдегі қызыл жалынды өшірген.

Үй иесі Елена Абенова тілсіз жау шыққанда алғаш болып көмекке келген тәртіп сақшыларына алғысын білдірді.

– Бірінші болып келіп, қол ұшын берген тәртіп сақшыларына алғысым шексіз. Өрт басталған кезде үлкендермен қоса 13 жастағы қызыммен 8 айлық немерем болған. Полиция қызметкерлерінің дер кезінде жасаған әрекеттерінің арқасында қазір олар өздерін жақсы сезінеді. Бұл жігіттер нағыз батырлар. Бірі өз өмірін қатерге тігіп, үйдегі газ баллонын алып шықты. Егер үйде газ жарылғанда соңы ауыр болар еді, – дейді Елена Абенова.


Видеодан алынған кадр





Соңғы жаңалықтар