Қарағанды полицейлері бір күнде жоғалған 3 баланы тапты

None
None
ҚАРАҒАНДЫ. ҚазАқпарат – Қарағанды қаласының полиция бөлімдеріне үш ата-анадан баласының жоғалғаны туралы арыз түскен. Үш оқиға да өткен тәулікте болған. Тәртіп сақшылары балаларды жедел тауып берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

16 маусымда Қарағандыда жоғалған балаларға қатысты үш факт тіркелді. Қарағанды қаласының ІІБ Михайлов полиция бөліміне 10 жасар баланың анасы жүгінді.

Ол ұлының үйдің ауласында ойнап жүріп, белгісіз бағытта кетіп қалғанын жеткізді.

Тәртіп сақшылары жедел түрде бірнеше мобильді топ құрды, олар қаланың аулаларын аралай бастады.

Ауқымды іздестіру шаралары барысында полиция бір сағат ішінде жоғалып кеткен баланы тауып, оны ата-анасына тапсырды.

Сол күні Қарағанды қаласы ПБ Оңтүстік-Шығыс полиция бөліміне балалардың жоғалғаны туралы екі хабарлама келіп түсті.

Бірінші жағдайда дабылды 11 жасар қыздың ата-анасы көтерді. Әйелдің айтуынша, ол қызымен және кенже баласымен үйдің ауласында бірге жүрген.

Содан кейін ол нәрестесін үйге алып кірген, ал қайтып келгенде қызының жоғалып кеткенін түсінген.

Екінші жағдайда полицияға 9 жасар баланың әжесі жүгінді.

Ол велосипедпен серуендеуге сұранған. Арада бірнеше сағат өтсе де, бала оралмаған.

Әр өтініш бойынша полиция дереу іздеу шараларын ұйымдастырып, қыз бен ұл баланы тауып алған. Олар туыстарына қайтарылды.


Соңғы жаңалықтар