Қарағанды полицейлері алтыншы қабаттан секіріп өлмекші болған ер адамды құтқарды

None
ҚАРАҒАНДЫ. ҚазАқпарат – Қарағандыда полицейлер алтыншы қабаттан секіріп өлмекші болған ер адамды құтқарды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

12 тамыз күні сағат 15.00-де Қарағанды қаласы ПБ жедел басқару орталығына Карбышев көшесіндегі көпқабатты үйдің пәтерінде ер адамның жанжал шығарғаны туралы хабарлама келіп түсті.

Рация бойынша бұл ақпарат патрульдік полиция полкінің бағыттардағы нарядтарына келіп түсті. Оқиға орнына бірінші болып құрамында Болат Мұхажанов пен Нұркелді Әшірбек қызмет инспекторлары болған патрульдік автомобиль экипажы келді.

«Үйдің кіреберісінде бізді бір адам қарсы алды. Полицияға қоңырау шалған сол кісі екені белгілі болды. Полиция шақыруына 37 жастағы ұлы отбасында жанжал тудырғаны себеп болған екен. Ер адам ұлына қатысты өтініш жазғысы келетінін айтты. Әңгіме барысында үйіндегілермен жанжалдасқан соң ұлы алтыншы қабатта орналасқан кіреберістің терезесінен секіруге тырысқанын жеткізді. Мен кіреберіске жүгірдім, алтыншы қабатқа көтерілдім, ашық терезенің жанында тұрған ер адамды байқадым. Жай ғана жанына тақалғанымда, ол төмен секіремін деп айқайлай бастады. Мен оны қатерлі қадам жасамауға көндіре бастадым. Бұл кезде серіктесім сыртта тұрып, қауіпсіздік шараларын қолдана бастады. Оқиға орнына әріптесім жедел жәрдем, өрт сөндірушілерді шақырды», - дейді Болат Мұхажанов.

Ер адаммен келіссөздер оң нәтиже берді. Полиция қызметкерлері оны терезеден түсуге көндірді. Содан кейін тәртіп сақшылары құтқарылған адамды дәрігерлерге тапсырды.

Соңғы жаңалықтар