Қарағанды онлайн-марафонына мыңнан астам қатысушы жиналды

None
None
ҚАРАҒАНДЫ. ҚазАқпарат - Коронавирустық инфекция пандемиясына байланысты Qaragandy Marathon 2020 спорт мерекесі онлайн форматта ұйымдастырылды. Бірақ бұл әуесқой жүгірушілерді тоқтата алмады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Онлайн-жарысқа 8 жастан 62 жасқа дейінгі 1 150 қатысушы тіркелді. Олар Қазақстанның түкпір-түкпірінен, сондай-ақ Ресей, Моңғолия, Польша, Қырғызстанның жүгірушілері.

Барлық спортшылар бүгін, 10 қазан күні, 06.00-ден 22.00-ге дейінгі аралықта өз аймағындағы қашықтықты еңсереді. Олар өздеріне ыңғайлы уақытты таңдайды және көпшілікпен тығыз байланысқа түспейді.

Халықаралық онлайн-марафонның басталуы дәстүрге сай Қарағандының Орталық саябағында берілді. Қар мен суық желге қарамастан, мұнда біраз жүгірушілер жиналды. Кейбіреулер балалармен бірге келді.


Ашылу салтанатына Қарағанды облысы жеңіл атлетика федерациясының президенті, облыс әкімінің орынбасары Әлішер Әбдіқадыров, дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Темірхан Абылаев және ҚР жеңіл атлетикадан бас жаттықтырушысы Дмитрий Карпов қатысты.

«Адамдардың осындай іс - шараларды сағынғаны көрініп тұр, - дейді Әлішер Әбдіқадыров. - Стандартты марафон өткізуге мүмкін болмағандықтан, оны неліктен онлайн ұйымдастырмасқа. Біз ешқандай санитарлық талаптарды бұзбаймыз, барлығы ережелерге сәйкес келеді. Карантиндік шектеулер жалғасуда, бірақ жаттығуды тоқтатпаңыздар».


Ол барлық қатысушыларға сәттілік тіледі.

Жарыс бағдарламасына бес қашықтық кірді – үш шақырымнан бастап классикалық марафон - 42 шақырым 195 метрге дейін.

«Ең танымал қашықтық 10 шақырым болды. Бірақ 42 шақырымға жүгіруді шешкен батыл адамдар да бар. Олардың саны 55 адам», - деп хабарлады Қарағанды облысы жеңіл атлетика федерациясының вице-президенті Сергей Засимович.


Биыл алғаш рет 3 шақырымдық отбасылық қашықтық пайда болды.

«Бүгін мен 9 жасар ұлым Леонидпен және 5 жасар қызым Пелагеямен жүгіремін, - деп бөлісті марафонға қатысушы Татьяна Краснова. – Біз отбасылық қашықтыққа жүгіреміз. Ең бастысы - өзіңді жеңу. Біз салауатты өмір салтын қолдаймыз!»

Жүгіру аяқталғаннан кейін қатысушылар Qaragandy Marathon 2020 платформасына уақытты жүктеу арқылы жүгіру трекингінің скриншотын жіберуі тиіс. Жалған көрсеткіштерге жол бермеу үшін барлық нәтижелерді Қарағанды облысының жаттықтырушылар командасы қадағалайды.

Нәтижелер келесі аптада жарияланады. Барлық қатысушыларға сертификаттар беріледі. Жеңімпаздарға марапаттар жіберіледі.



Соңғы жаңалықтар