Қарағанды өңірінің ШОБ нысандары төтенше жағдайға бейімделе бастады

None
None
ҚАРАҒАНДЫ. ҚазАқпарат – Қарағанды кәсіпорындары бизнес үшін қиын кезеңдер басталғалы қызметтің жаңа түрлеріне көшіп жатыр. Кәсіпкерлер ТЖ режимінде шектеулерге бейімделуде және жұмыс орындарын сақтауға тырысуда, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Жаңа тәсілдердің бірі – бейінді өзгерту. Осындай өзгеріске «Қазақстандық өнеркәсіпті қолдау институты» ЖШС де бет бұрды. Кәсіпорын осыған дейін химиялық-экологиялық зерттеулермен айналысып, табиғатты қорғау жобалау және нормалау қызметтерін көрсетіп келген болатын. Ал енді зарарсыздандыру қызметін көрсетуге көшті. Ол үшін қажетті жабдықтар мен материалдар сатып алып, қызметкерлерді оқытқан.

Институттың ірі өнеркәсіптік кәсіпорындар секілді клиенттерін де жинап үлгерді.

«Жұмыстардың толық циклін енгізгеннен кейін қала аумағын санитарлық өңдеуге өз көмегімізді ұсынуға дайынбыз», - деп жоспарларымен бөлісті «Қазақстандық өнеркәсіпті қолдау институты» ЖШС директоры Ернар Мұханғалиев.

Жұмыс киіміне маманданған тігін фабрикалары көп рет қолданылатын маскалар өндірісін жолға қойды. Осылайша олар екі мәселені бірдей шешкен. Шеберлер де қол қусырып қалған жоқ, аталмыш өнімнің тапшылығын жоюда.

«Маскалар негізгі тапсырыстармен қатар жасалады. Күнделікті көлемі - 6000-7000 дана. Өнімді тігу үшін біз дәке, шыт және бөз маталарын – бір сөзбен айтқанда, 100% мақта маталарын қолданамыз, ол өнімді жууға және үтіктеуге болады. Бірақ біздің негізгі өніміміздің түрлері – төсек жабдықтары, күнделікті және арнайы киім. Қазір жаңа модельдерді ойластыруға уақыт бар. Мамандар балықшылар мен аңшыларға арналған күртеше дизайнымен жұмыс істейді. Мектеп формасының жаңа үлгілерін дайындап, шағын сынақ партиясын іске қостық», - деді Абай тігін фабрикасының жетекшісі Ирина Малюк.

Тығырықтан шығар тағы бір жол – онлайн қызметке өту. Мұндай жұмыс түрін көптеген адамдар қолдана бастады.

«Біздің өнер мектебіміз Қарағандыда тоғыз жыл жұмыс істейді. Өткен жылы онлайн-оқытуды енгізді. Ал ТЖ тәртібі жарияланғаннан кейін сабақты тоқтатпадық және қашықтан өткізіп жатырмыз. Табысты жоғалтқан жоқпыз. Өз тәжірибем бойынша: онлайн сабақ өткізу қиын емес, бұл үшін платформалар жеткілікті, ең бастысы - нәтиже болуы тиіс», - дейді көркемсурет мектебінің директоры Дәурен Қошен.

Кәсіпкерлер жаңа идеяларды да енгізуде. «Бизнес-Кеңесші» курсын тыңдаушы Роман Саймон 3D-принтерде басып шығарылатын көп рет колданылатын пластиктен жасалған маскалар жасап шығарып жатыр. Интернетте үш өлшемді модельдер базасын қарап отырып, ол чех дизайнерлерінің қызықты және өте қарапайым жобасын көрген. Соны жүзеге асыруда енді.


Соңғы жаңалықтар