Қарағанды облысының жас дәрігерлеріне пәтерлер берілді

None
None
ҚАРАҒАНДЫ. ҚазАқпарат - ҚР Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов және Қарағанды облысының әкімі Ерлан Қошанов Абай қаласының жас дәрігерлеріне ведомстволық пәтерлердің кілттерін табыс етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Қарағанды облысы әкімдігінен мәлім еткендей, жиһаздармен және қажетті барлық тұрмыстық техникакен жабдықталған баспаналар 13 маманға берілді. Олардың барлығы Абай қаласының Орталық ауруханасында қызмет ететін болады. Қоныс тойын тойлаушылар арасында жалпы тәжірибелік төрт дәрігер, екі педиатр, екі анестезиолог-реаниматолог, онколог, травматолог-ортопед, офтальмолог, нефролог және неонатолог бар.
«Жас мамандарға шын мәнінде елеулі қолдау көрсететін Қарағанды облысының әкімдігіне алғыс айтқым келеді. Бұл тек тұрғын үй беру ғана емес, сонымен қатар көтермеақы төлеу. Біздер, медиктер үшін, өзімізді толықтай жұмысқа арнай алатындай жағдай жасалуы өте маңызды.
Биыл міндетті медициналық сақтандыру жүйесін енгізу қарсаңында бұл әсіресе маңызды. Біз өз желімізді әсіресе, ауылдық аудандарда кеңейтеміз. Сондықтан жергілікті жерлерде қолдау өте маңызды, - деді Елжан Біртанов.
Қарағанды облысының әкімі Ерлан Қошанов атап өткендей, жас дәрігерлерге ведомстволық баспана беру арқылы өңірде кардрлық тапшылықты анағұрлым төмендетуге мүмкіндік туды.
«Бүгінгі таңда Абайға 13 жас маман келді. Осының арқасында бұл қаладағы медициналық кадрлар тапшылығын толықтай жаба аламыз. Осы күнге дейін дәрігерлерге 100-ден астам пәтер кілттерін табыс еттік. Ал бүгін Абай қаласының жас дәрігерлерін қоныс тойымен құттықтаймыз. Барлықтарыңызға осы жерде бақыттарыңызды табуға тілектеспін», - деді аймақ басшысы.
Естеріңізге сала кетейік, бұған дейін Саран мен Шахтинск қалаларында жас дәрігерлерге ведомстволық пәтерлердің кілттері табыс етілген болатын. Мұндай тәжірибе өңірге тек осы жылы ғана медициналық жоғары оқу орындарының 458
түлегін тартуға мүмкіндік берді. Олардың 81-і ауылдық жерлерде «Дипломмен - ауылға» бағдарламасы бойынша жұмыс істейді. Тұрғын үйге мұқтаж барлық жас мамандарды қамтамасыз ету үшін денсаулық сақтау басқармасы алдағы үш жылда 281 пәтердің кілтін беруді жоспарлап отыр. Олардың 27-ін дәрігерлер осы жылдың соңына дейін алады.

Еске салайық, кеше министр Елжан Біртанов сапармен Қарағанды облысына барды.

Соңғы жаңалықтар