Валюта бағамдары:
    usd/kzt 472.17 eur/kzt 495.5

    rub/kzt 7.57 cny/kzt 67.74
Ауа райы:
Астана-15-17℃
  Jańalyqtar  >

Қарағанды облысының үздік ұстаздарына 1 млн теңгеден берілді

2022 жылғы 2 қазан, 00:27

ҚАРАҒАНДЫ. ҚазАқпарат – Кәсіби мереке қарсаңында Қарағанды қаласының Кеншілер мәдениет сарайында өңірдің педагогтарына құрмет көрсетілді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Өңір басшысы Жеңіс Қасымбек ұстаздарды құттықтап, білім беруді дамытуға қосқан үлестері үшін төсбелгілер мен құрмет грамоталарын табыс етті.

«Өз өмірін мұғалім мамандығына арнаған адамдардың ерекше беделге ие болуы кездейсоқ емес. Өйткені, адам өмірде қандай жетістікке жетсе де, оның тұлға ретінде қалыптасуында оның мұғалімдері маңызды рөл атқарады. Жас мұғалімдерге үлгі бола отырып, өз кәсібіне деген адалдықтың үлгісі боған, еңбегін жалғастырып келе жатқан біздің білім беру ардагерлеріне ерекше алғыс. Сіздердің баға жетпес еңбектеріңіз бен таңдалған іске адалдығыңыз үшін рахмет! Мемлекет тарапынан педагогикалық кәсіптің беделін көтеру үшін көп нәрсе жасалуда. Соңғы үш жылда мұғалімдердің жалақысы 75%-ға өсті, мұғалімдердің шамамен 60% - ы санат үшін 50%-ға дейін қосымша ақы алады», – деді Жеңіс Қасымбек.

Облыста ауылдық жерлерде білім беруді дамытуға ерекше көңіл бөлінеді. Соңғы екі жылда 126 жас маман тұрғын үймен қамтамасыз етілді. Сондай-ақ, жұмысқа орналасу кезінде олар 100 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде көтерме қаражат алады.

Жеңіс Қасымбек педагогикалық саладағы жетістіктері үшін білім беру қызметкерлеріне «Қарағанды облысының білім беру саласының құрметті педагогы» төсбелгілерін табыс етті. Облыстық ерекшелік белгісі бірнеше жыл бұрын мұғалімдер еңбегінің беделін арттыру үшін құрылған. Оған миллион теңгеден астам ақшалай сыйақы қоса беріледі.

Биыл «Қарағанды облысының білім беру саласының құрметті педагогы» төсбелгілеріне бес ұстаз ие болды:

1. Серікбол Шатинов, Қарағанды машина жасау колледжінің директоры, жалпыпәндер бойынша оқытушы.

2. Дидар Төрекелдина, Қарағанды қалассының № 61ЖБМ қазақ тілі және әдебиеті пәнінің мұғалімі.

3. Сергей Зубрин, Осакаровка ауданының № 9 гиназиясының базасындағы тірек мектебінің информатика пәнінің мұғалімі.

4. Жанат Базарбаева, Теміртау қаласының қыздар гимназиясының тарих пәнінің мұғалімі.

5. Арарат Есмаганбетов, Шахтинск қаласының А.Бөкейхан атындағы мектеп-лицейінің директоры, математика пәнінің мұғалімі.

Марапатталған ұстаздардың әрқайсысының көп жылдық жұмыс тәжірибесі және өзіндік ерекше еңбегі бар. Олардың әрбіреуі жас ұрпақты тәрбиелеуге жан салды.

Қарағанды қаласының № 61 жалпы білім беретін мектебінің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Дидар Төрекелдинаның ұстаздық еңбек өтілі - 27 жыл. Еңбек жолын 18 жасында Қарқаралы ауданының шағын жинақты мектебінде бастаған.

«Мектептен кейін мен университеттің филология факультетінің сырттай бөліміне түстім. Сол жылдары мұғалімдердің тапшылығы болды, мені университетте оқу туралы анықтама бойынша жұмысқа алды. Содан бері менің өмірім балалармен тығыз байланысты. Мен мамандығымды сүйемін, онымен өмір сүремін. Осы жылдарда 20-дан астам оқушым жүлделі орындарға ие болып, түрлі республикалық байқауларда жеңіске жетті. Мен бүгінгі сыйлықты оларға арнаймын. Бұл біздің ортақ жеңісіміз, өйткені ұстаздың еңбегі оқушылардың жетістіктері бойынша бағаланады», – дейді Дидар Төрекелдина.

Шахтинск қаласының А. Бөкейхан атындағы мектеп-лицейінің директоры Арарат Бесмағанбетов – Нұра ауданының тумасы. 26 жыл білім беру саласында жұмыс істеді. Ол болашақ мамандығын мектепте таңдаған.

«Мен 21 жасымнан бастап ұстаздық жолында жүрмін. Өз жұмысымды жақсы көремін, бұл менің саналы таңдауым болды. Мұғалімнің жұмысы оңай емес, бірақ мен бұл жолды таңдағаныма қуаныштымын. Біздің лицейдің оқушылары жақсы нәтиже көрсетіп, түрлі байқаулар мен олимпиадаларда жүлделі орындарға ие болуда. Бұл марапат бүгінде менің бүкіл ұжымымның еңбегінің нәтижесі. Барлық мұғалімдерді мерекемен құттықтаймын!» – деді Арарат Бесмағанбетов.

Сонымен қатар аймақтың 10 мұғалімі ұстаздық жолындағы жоғары көрсеткіштері үшін облыс әкімінің Құрмет грамоталарымен марапатталды. Алты ұстаз «Ыбырай Алтынсарин», бес мұғалім «Еңбек ардагері» және төрт педагог – «Білім беру ісінің Құрметті қызметкері» төсбелгілеріне ие болды.


Автор:

Агата Мухамеджанова

Новости по теме
Ұқсас жаңалықтар
Серіктестер жаңалықтары