Қарағанды облысының тұрғындарына медициналық сақтандыру қоры 1,48 млрд теңге төледі

None
None
ҚАРАҒАНДЫ. ҚазАқпарат – 2021 жылдың 4 айында облыстың медициналық ұйымдарында өңірдің 8 200-ден астам тұрғыны оңалту емінен өтті. Бұл көмекті төлеуге медициналық сақтандыру Қоры 1,48 млрд теңге бағыттады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Бұл қаражатты Оңалту орталықтары, санаторийлер, емханалар алды, онда пациенттер екінші және үшінші кезеңдегі оңалту бойынша емделді.

2021 жылға Қарағанды облысында медициналық оңалтуға барлығы 4 085 717 000 теңге бөлінді, оның ішінде коронавирустық инфекцияға шалдыққаннан кейін оңалтуға – 307,3 млн теңге.

Қарағанды облысында операциядан немесе аурулардан кейін өңірдің 12 орталығында оңалту емін алуға болады. Амбулаториялық деңгейде бұл көмекті облыстың 14 емханасы көрсетеді.

Медициналық оңалту кімге көрсетіледі

Науқас бірнеше жағдайда медициналық оңалтуды ала алады:

- негізгі немесе созылмалы ауруды емдеу қажет болғанда;

- қатты ауырсынудан кейін;

- хирургиялық операциялардан кейін;

- жарақат алғаннан кейін;

- сырқат салдарынан адамның қимыл-қозғалысы шектелген жағдайларда өтуге болады.

Алғаш рет оңалтудан өту үшін қайда жүгіну керек

Медициналық көмектің кез келген түрін алу сияқты, медициналық оңалтудан өту үшін тіркелген жері бойынша емханаға учаскелік дәрігерге жүгіну қажет.

Емдеуші дәрігер реабилитолог маманға немесе мультидисциплинарлық топ мамандарына жібереді.

Олар аурудың пайда болуы мен күшеюі, сырқаттың денсаулық жағдайына байланысты мәліметтерді ескере отырып, оңалтуға деген қажеттілікті айқындайды. Бастапқы реабилитациялық диагноз қойып, пациент денсаулығын қалпына келтіру жоспарын, курстың мерзімін т. б. анықтайды.

Егер кешенді тексеру нәтижесінде реабилитация тиімді деп табылса, пациент оны амбулаторияда, стационарда, стационарды алмастыратын емдеу мекемесінде, үйде немесе санатория-курорттарда өте алады. Жоспарлы түрде ем қабылдайтын пациент стационарға «Ауруханаға жатқызу бюросы» порталы арқылы жатқызылады.



Соңғы жаңалықтар