Қарағанды облысының тұрғындары 80% жергілікті өніммен қамтамасыз етілмек

None
ҚАРАҒАНДЫ. ҚазАқпарат – Қарағанды облысының тұрғындары 2027 жылға қарай 80% жергілікті өніммен қамтамасыз етіледі, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Бүгінде облыстың ауылшаруашылық саласында 24 мың адам жұмыс істейді. Саланы қолдаудың арқасында жаңа жұмыс орындары ашылуда.

«Ауыл аманаты» жобасы бойынша ауыл тұрғындарына 3,4 млрд теңге сомасына 653 шағын несие береміз. Көпбалалы отбасыларға, АӘК алушыларға және NEET жастарына ерекше назар аударатын боламыз. Қазірдің өзінде 353 өтінім қабылданды», - деді облыс әкімі Ермағанбет Бөлекпаев Орталық коммуникациялар қызметінің алаңында өткен брифингіде.

Әкімнің айтуынша, саланы дамыту есебінен ауылдарда 2,5 мың жаңа жұмыс орнын ашу жоспарланған. Нарықты жергілікті азық-түлікпен қанықтыру жалғасады.

Бүгінде өңірде мал шаруашылығы өнімінің көлемі 65 млрд теңгеге жетті. Фермерлік шаруашылықтарда 390 мың жылқы, 620 мың сиыр және бұқа, 1 млн қой мен ешкі бар, 3,7 млн бас құс бар.

Өсімдік шаруашылығының көлемі де үнемі артып келеді. Биыл аграршылар 1,2 млн га жерге дән екті, бұл көрсеткіш былтырғы жылдан 22 мың га көп. Облыста картоп пен көкөніс отырғызылған алқаптар ұлғайтылды.


Соңғы жаңалықтар