Қарағанды облысының Шахтинск қаласы карантиннің күшейтілген режиміне көшеді

None
None
ҚАРАҒАНДЫ. ҚазАқпарат – Қарағанды облысының Шахтинск қаласында 12 сәуір күні сағат 00.00-ден бастап қалаға кіріп-шығуға тыйым салынады. Қарағанды облысы аумағында карантин режимінің қосымша шаралары туралы Тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаментінің басшысы Қанат Асқаров мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Аурудың таралуына жол бермеу және тұрғындарды қорғау мақсатында қосымша шаралар қажет болды. Шахтинскіде сырқаттанушылық көрсеткіші 10 мың тұрғынға шаққанда бір жағдайдан асты. Осыны ескере отырып, қаланың карантиндік аймағының бірыңғай периметрі белгіленетін болады және жеке көліктің қозғалысы толық тоқтатылады», - деді Қанат Асқаров.

Шахтинскіде карантиннің күшеюі сәуірдің 11-нен 12-не қараған түні күшіне енеді. Қаланың периметрі бойынша 5 блокпост орнатылады.

Облыстың Бас санитарлық дәрігерінің қаулысына енгізілген өзгерістерге сәйкес, аймақта ломбардтар мен айырбастау пункттерінің қызметі уақытша тоқтатылады.

Такси қызметіне қойылатын талаптар күшейтілді. Көліктерде міндетті түрде арнайы таңба мен такси шашкасы болуы тиіс. Жүргізушілер әр ауысымның басында және ол аяқталғаннан кейін температуралық бақылаудан өтуі қажет. Деректер жеке журналда тіркеледі. Таксистер маскалармен, қолғаптармен және антисептикпен қамтамасыз етілуі керек. Жолаушыларды маскасыз тасымалдауға тыйым салынады. Салонда жүргізушіден диагоналі бойынша отыратын бір ғана жолаушы рұқсат етіледі. Кәмелетке толмаған балаларымен ата-аналардың біреуі бірге жүреді. Әр сағат сайын машинаны дезинфекциялау қажет.

Волонтерлік қызметке рұқсат етілген. Бірақ барлық еріктілердің арнайы формасы мен ерекшелік белгілері болуы тиіс.

Сондай-ақ, бас мемлекеттік санитарлық дәрігердің 2020 жылғы 6 сәуірдегі №10 «Қарағанды облысының аумағында карантин енгізу туралы» қаулысына енгізілген өзгерістерге сәйкес, келесі мекемелер жұмыс істейтін болады:

- мұнай базалары, мұнай қоймалары, сондай-ақ қолданыстағы міндеттемелерді орындау шеңберінде кәсіпорындарға газ жеткізу жөніндегі компаниялар;

- қаржы институттары «ҚазАгро» Ұлттық басқарушы холдингі» АҚ, «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» АҚ Қарағанды филиалы;

- ауыл шаруашылық техникасын және олардың қосалқы бөлшектерін жеткізу қызметі;

- адвокаттық қызметтер – құқық қорғау органдарына немесе сотқа шақырған жағдайда;

- ветеринарлық станциялар, клиникалар.

Төтенше жағдай режимін қамтамасыз ету және коронавирустық инфекцияның таралуына қарсы іс-қимыл жөніндегі өңірлік жедел штабпен келісім бойынша әлеуметтік объектілерді салуға рұқсат етіледі.

Қарағандылықтардан карантин талаптарын сақтауды, аса қажет болған жағдайда ғана үйден шығуды сұрайды.

Полиция ақпараты бойынша, бүгінгі таңда төтенше жағдай режимін бұзғаны үшін 369 әкімшілік іс қозғалған. Сот айыппұл немесе әкімшілік қамауға алу жазасын тағайындайды.


Соңғы жаңалықтар