Қарағанды облысының педагогтері пәтер кілттерін алды

Фото:
ҚАРАҒАНДЫ. ҚазАқпарат – Мұғалімдер күні қарсаңында төрт педагог Қарғанды облысының Саран қаласы мен Ақтас кентінен жалға берілетін пәтерлердің кілттерін алды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Мұғалімдер күнін мерекелеу қарсаңында жалға берілетін пәтерлерді Қарағанды облысының төрт оқытушысы алды. Пәтерлер Саран мен Ақтаста орналасқан. Тұрғын үй алғандардың арасында жас мамандар мен сұранысқа ие мұғалімдер бар», – деп жазды білім басқармасының басшысы Гүлсім Қожахметова Facebook- парақшасында.

Қызметтік пәтер алған Перуза Жайықбаева тарих пәнінің мұғалімі, «Білім-инновация № 2» лицейінде еңбек етеді. Еңбек өтілі – 18 жыл.

«Қызылорда тумасымын. Қарағандыға 2007 жылы көшіп келдім. Ұзақ жылдар бойы балаларыммен бірге үй жалдадым. Мойындау керек, қиын болды. Мен оларды жалғыз асырып отырмын. Жалға берушілер әртүрлі болды, жиі төлемдерін өсіріп жіберіп отырды. Кейде ескертпестен тұрып жатқан үйімізді сатып жіберіп, бізді қуып шығарған кездер де болды. Маған қызметтік пәтер берілгеніне қуаныштымын. Енді тек коммуналдық қызметтер үшін төлеймін. Бұл мұғалімдерге жақсы көмек», – дейді Перуза Жайықбаева.


Қызметтік пәтерлерге үміткерлер тұрғын үй комиссиясының отырысында іріктелген. Қарауға барлығы жеті өтініш шығарылды, олардың төртеуі мақұлданды. Мұғалімдермен жалдау шарттары жасалды.

Қарағанды облысы білім басқармасының меншігінде Саран және Ақтас қалаларында барлығы 24 пәтер бар. Бүгінгі таңда олардың барлығында отбасылар қоныстанған.


Соңғы жаңалықтар