Қарағанды облысының мемлекеттік кіріс басқармасында ЭЦҚ беріле бастады

None
None
ҚАРАҒАНДЫ. ҚазАқпарат – Қарағанды облысындағы ХҚКО-лардан ЭЦҚ алуға келгендер кезегін азайту үшін мемлекеттік қызметшілерге электронды цифрлық қолтаңба Мемлекеттік кіріс басқармасында да берілетін болады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Жылдың басы – мемлекеттік қызметшілер үшін жұмыс қарқынының күшейетін кезі. Себебі оларға жыл сайынғы салық есептілігін тапсыру қажет. Қарағанды облысында халыққа қызмет көрсету орталықтарына электронды цифрлық қолтаңба алуға келгендер саны күрт артқандықтан «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорацияның филиалы Мемлекеттік кіріс басқармасымен бірлесе отырып корпорация қызметкерлерін өңірлік кіріс басқармасына бағыттау туралы шешім қабылдады. Осылайша, енді Қарағанды, Теміртау және Балқаш қалаларының мемлекеттік қызметшілері ХҚКО-ға бармай-ақ, кіріс органында ЭЦҚ алады. ЭЦҚ алу үшін өзімен бірге жеке куәлігі және флэш тасығышы болуы қажет.

Бұдан басқа, ЭЦҚ-ның әрекет ету мерзімін Ұлттық куәландырушы орталықтың pki.gov.kz сайтында жеке кабинетте ұзартуға болатынын еске саламыз. Ол үшін келесідей әрекеттерді орындау қажет:

1. Қолданыстағы ЭЦҚ қатысты барлық деректерді толтыру;

2. «Кілттер тізімін жаңарту» батырмасын басыңыз. ЭЦҚ паролін дұрыс енгізген кезде аутентификация кілті бейнеленеді. Қол қою және жұмысқа кірісу;

3. ЭЦҚ кілттерімен жұмыс істеу үшін «Менің ЭЦҚ кілттерім» батырмасына өту қажет. Шыққан мәзірден «ЭЦҚ қайта шығару» бөлімін таңдау қажет;

4. Сонан соң негізгі жолақтарды толтырып, «Өтінім беру» түймесін басып, растау және қол қою қажет;

5. Егер ЭЦҚ сақтау үшін компьютер таңдалса, ЭЦҚ кілттеріне пароль ойлап, енгізу және «сертификаттарды жүктеу» батырмасын басу керек;

6. Парольде төменгі және жоғарғы регистрлердің латын әріптері, сондай-ақ сандар болуы тиіс. Пароль кем дегенде 6 таңбадан құралғаны жөн.

7. «Сертификаттарды жүктеу» батырмасын басыңыз. Тіркеу куәліктерінің сәтті орнатылғаны туралы хабарлайтын терезе пайда болады.

Естеріңізге сала кетейік, ЭЦҚ мемлекеттік қызметтерді алу үшін салық төлеушілерге қажет. Оның көмегімен қазақстандықтар салықтық өтініш бере алады, есептілікті тапсыра алады және тоқтата алады, бақылау-кассалық машинаны есепке алады және т.б әрекеттерді жүзеге асыра алады.


Соңғы жаңалықтар