Қарағанды ​​облысының медициналық сақтандыру жүйесін енгізуге дайындығы талқыланды

None
None
ҚАРАҒАНДЫ. ҚазАқпарат - Биыл Қарағанды облысы медициналық қызметтерді бөлек есепке алу, сақтандырылған азаматтардың мәртебесін сәйкестендіру жұмыстарын алғашқы болып сынақтан өткізеді.

Бұл міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінің осал тұстарын анықтап, дер кезінде түзетуге мүмкіндік береді. Бұл туралы Қарағанды облысында медициналық сақтандыру жүйесін нобайлы жоба ретінде енгізу мәселелеріне арналған отырыста Денсаулық сақтау вице-министрі Ләззат Ақтаева хабарлады.

Қарағанды облысы әкімінің орынбасары, аймақтық денсаулық сақтау басқармасының басшылары, министрлік пен ведомство қарамағындағы ұйымдар басшылары қатысқан жиында нобайлы жобаны іске қосу аясында нормативті-құқықтық базаны жетілдіру, тегін медициналық көмек пакетінің жаңартылған үлгісі мен міндетті әдеуметтік медициналық сақтандыру пакетін қаржыландыру, медициналық көмекке ақы төлеу тетіктері, ақпараттық жүйелер мен ауруханалар желісінің дайындығы мәслелері талқыланды.

Еске сала кетейік, үкімет қаулысына сәйкес 2019 жылдың 1 қыркүйегінен бастап Қарағанды ​​облысында медициналық сақтандыру жүйесін ілкі жоба ретінде іске қосу жоспарланған (Қаулы жобасы 2019 жылдың 12 шілдесінде www.mz.gov.kz интернет-ресурсында жарияланды). Қарағанды ​​облысында МӘМС жүйесін енгізу жұмыстарын қадағалайтын Жобалау кеңсесі құрылды. Ол медициналық қызметтерді сатып алу, ақы төлеу процестерін, ақпараттық жүйе жұмыстарын басқару және талдаумен, сонымен қатар қажет болған жағдайда нормативтік құқықтық актілерді ұсыну, актілерге түзетулер енгізу жұмыстарымен айналысады.
«Біз қазіргі кездегі негізгі тәуекелдерді пысықтап, нормативтік-құқықтық базаны әзірлейміз. Қажет болған жағдайда жыл соңына дейін тиісті түзетулерді енгізгіміз келеді», - деді Денсаулық сақтау министрлігі МӘМС үйлестіру департаменті басшысы Азамат Өміртаев.

Пилоттық жобаны іске асыру үшін республикалық бюджеттен 2,3 млрд. теңге көлемінде қосымша қаражат бөлу қарастырылған. Қаржыландыру барысында жұмыс істейтін ересек азаматтарды профилактикалық тексеруден өткізуге басымдық беріледі. Бұл мақсаттарға 1,8 млрд. теңге бөлінбек. Нобайлы жоба шеңберінде асқазан-ішек жолдары, вирусты гепатит, несеп-жыныс жүйесі аурулары, қалқанша безі, қант диабеті, простата ісігі ауруларын ерте анықтау мақсатында 175 мыңнан астам адам профилактикалық тексеруден өтеді.

Әйелдер жыныстық жолмен таралатын инфекциялар мен қан ауруларын (анемия) анықтау үшін скринингтен өтеді. Оңалтуды қажет ететін инсульт, инфаркт, ауыр жарақаттар мен күрделі операция салдарынан зардап шеккен адамдарға көбірек көмектесу мақсатында қосымша 450 млн теңге бөлінеді. Бүгінде облыста осындай көмекке мұқтаж адамдар саны 3,4 мыңнан асады.

Медициналық сақтандыру қорының басқарушы директоры Нұрлан Қасымовтың айтуынша, денсаулық сақтауға бөлінген қаражат 2020 жылдан бастап 1,5 есе өсіп, 1 трлн 548 млрд теңгені құрайды. Оның 967 млрд теңгесі кепілдендірілген тегін медициналық көмекке, қалған 580 млрд теңге медициналық сақтандыру шеңберінде қызмет көрсетуге жұмсалмақ. 2019 жылы медицина қызметкерлерінің жалақысын көтеруге бөлінген қаражатты ескерсек, медициналық көмекті сатып алуға жұмсалған қаражат көлемі 1 трлн 025 млрд теңгені құрады.
 
«Консультативтік-диагностикалық көмек көлемі 5,8 есеге, стационарды алмастыратын көмек 2,5 есе, медициналық оңалту 13,2 есе артады. Паллиативтік көмек пен жоғары технологиялық медициналық қызметтер көлемі де артады», - деді МСҚ басқарушы директоры.
Вице-министр Ләззат Ақтаева медициналық көмек көлемін арттыру қажеттігіне, медициналық инфрақұрылым дайындығының маңыздылығына тоқталды. Медициналық сақтандыру қорына жер-жерде, соның ішінде Қарағанды облысында да сатып алу процестерін, тиімді ұйымдастыру және медициналық қызметтердің негізсіз пайдаланылуына жол бермеу жөнінде кеңес берді.

«Бүгінде ем-дом процедураларын негізсіз тағайындау фактілері баршылық. Талдау нәтижесі зертхана қызметінің шамадан тыс тұтынылғанын көрсетіп берді. Мысалы, емдеу процедураларының шамамен 70% - зертханалық қызмет, ал 13% - салалық дәрігерлердің қызметі. Сондықтан, алдағы уақытта салалық мамандардың қызметін арттыру жағын қарастыру керек. Өйткені, халық көбіне осы салалық мамандарға көп шығындалады. МӘМС енгізілгеннен кейін осы шығындар қысқаруы тиіс және салалық мамандардың қызметі меншік нысанына қарамастан қолжетімді болуы керек», - деді вице-министр.

«Цифрландырудың арқасында біз көрсетілген әр қызметтің сапасын, оның қаншалықты негізді тағайындалғанын көріп отыратын боламыз. Бұрын біз цифрландырылмағандықтан профилактикалық тексерулердің сапасын бақылай алмайтын едік. Келесі жылдан бастап осы олқылықтың орнын толтырамыз деп ойлаймын», - деп қорытты Ләззат Ақтаева.

Сынақ нәтижелері 2019 жылы желтоқсан айында белгілі болуы тиіс. Алайда, министрлік аралық нәтижелерді ай сайын қоғам назарына ұсынып отырмақ.

Соңғы жаңалықтар