Қарағанды облысының меценаттары «Рухани жаңғыру» жобаларына 5 млрд теңге бөлді

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Қарағанды облысының меценаттары «Рухани жаңғыру» бағдарламасының жобаларына 5 млрд теңге бөлді. Бұл туралы «Рухани жаңғыру» бағдарламасын Қарағанды облысында іске асырудың бірінші жылын қорытындылаған өңір басшысы Ерлан Қошанов мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Облыс әкімінің айтуынша, жарты жыл бұрын ұлттық деңгейдегі мұндай ауқымды жобаның мәнін көбі түсіне бермеген. Алайда бүгінгі таңда бағдарлама көптің ден қояр назарына, бастамасына айналып отыр. Қарағанды облысында бағдарламада бекітілген барлық алты арнайы жоба бойынша белсенді жұмыс жүргізіліп жатыр.

«Бағдарлама шеңберінде Қарағанды облысында Азаматтық бастамалар күні ұйымдастырылды. Ол өңіріміздің кез келген тұрғынына өмірдің сол немесе басқа саласын қалай жақсартуға болатыны туралы нақты ұсыныстармен келуге мүмкіндік береді. Бұл акция қарағандылықтардың үлкен қызығушылығына ие болғанын айта кеткен жөн. Оған қоса, тағы бір қызықты жоба - «Игі істер корпорациясы» мобильдік қосымшасы. Оның көмегімен кез келген адам қалауы бойынша телефоннан нақты қайырымдылық жобаларына аздаған сома жібере алады», - дейді Ерлан Қошанов.

Оның айтуынша, қарағандылықтар әсіресе «Туған жер» бағдарламасына ерекше ден қойған.

«Әрине, «Туған жер» кімге де болса қасиетті, қастерлі. Сондықтан, туған жерін дамытуға үлес қосу - әрбір азаматтың парызы деп білемін. Біздің халқымызда «Туған жерге туың тік» деген сөз бар. Біздің өңірдің белгілі кәсіпкерлері мен меценаттары туған жерін дамытуға үлкен қолдауын көрсетіп келе жатыр. Солардың арқасында 78 нысан салынып, жөндеуден өткізілді», - дейді облыс әкімі.

Осылайша, өңірде әртүрлі бағытта 456 жоба жасалған. Олардың жартысы осы уақытқа дейін іске асырылып қойған. Мәлімделген жобалардың жалпы құны 13 млрд теңгеден асып кеткен. Оның ішінде 5 млрд теңге соманы демеушілер мен меценаттар қосып отыр.

Соңғы жаңалықтар