Қарағанды облысының қай аудандарында сумен қамтамасыз ету жүйесі жақсартылады

None
None
ҚАРАҒАНДЫ. ҚазАқпарат – Қарағанды облысының тұрғындарын сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету туралы Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифингте Энергетика және ТКШ басқармасының басшысы Ұлантай Үсенов айтып берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«2021 жылы облыста 265 шақырымнан астам су құбыры және кәріз желілерін салу және қайта қалыпқа келтіру жоспарланған. Бүгінгі күні сумен жабдықтау желілері Абай, Бұқар Жырау, Қарқаралы және Нұра аудандарының бірқатар ауылдарындағы үйлерге жүргізілген. Мысалы, Нұра ауданының Қарой ауылында бұрын орталық сумен жабдықтау болмаған, тұрғындар су алу үшін колонкаларға барған», – деп хабарлады спикер.

Жыл соңына дейін Есқұла су құбырын пайдалануға беру жоспарлануда. Оның іске қосылуы Жезқазған мен Сәтбаев тұрғындарын сапалы әрі үздіксіз сумен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

Басқарма басшысының мәліметінше, облыс бойынша 86 елді мекенде жерасты су көздерін барлауға дайындық жүргізілуде. Жарлы-Қарқаралы су тартқышын салуға жоба әзірленді, оны іске асыру Қарқаралы халқын тұрақты сумен қамтамасыз етеді. Қарқаралы ауданының Аппаз ауылында желілерді қайта құру жалғасуда.

«Бұқар Жырау ауданы Асыл ауылында су құбыры желілерінің құрылысы басталды. Қазір оның тұрғындары тасымалданып алып келетін суды пайдаланады. Ұлытау ауылында тазарту құрылғыларының құрылысы аяқталады», – деп қосты Ұлантай Үсенов.



Соңғы жаңалықтар