Қарағанды облысының елді мекендерінде су тасқынымен күрес жұмыстары жалғасуда

None
None
ҚАРАҒАНДЫ. ҚазАқпарат - Жаңаарқа ауданының Орынбай мен Атасу стансасы, Абай ауданының Құлайғыр ауылы мен Шет ауданының Көктенкөл стансасы елді мекендерінде су деңгейі төмендеп, жағдай біршама тұрақтанды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Бүгінгі таңда республикалық маңыздағы жолдың 2 бөлігінде судың арнасынан асқаны байқалып отыр.

«Қарқаралы ауданында республикалық маңыздағы «Қарағанды-Аягөз-Бұғаз» автожолының 137 шақырымында су ернеуінен асып кеткен. Бұл ретте судың биіктігі 5 см-ді, ені 60 метрді құрап отыр. Осы бөлікте су өткізетін екі құбыр бар. Автотехникалар өтіп жатыр, тиісті жол белгілері де қойылған. Төтенша жағдай болған жерде «Қазақавтодор» ЖШС-нің қызметкелері кезекшілікте тұр»,-деп хабарлады Қарағанды облыстық төтенше жағдайлар департаментінің өкілдері.

Сондай-ақ, Шет ауданында республикалық маңызы бар «Ақшатау-Қызылорда-Павлодар» автожолының 165-166 шақырымында «Бидайық-Көктенкөл» учаскесінде қар еріп, ені 300 м, биіктігі 20-30 см болатын су ағып жатыр. Бұл аймақта су өткізетін 8 құбыр бар. Су ағып жатқан бөлікті Ақадыр кенті арқылы айналып өтуге болады. Қауіпті учаскеде ескерту белгілері қойылған, оқиға орнында «Матан» ЖШС қызметкерлері кезекшілікте.

Өткен тәулікте Бұқар Жырау ауданының Петровка ауылы мен Ботақара кентінде Нұра өзенінің арнасында 2 жарылыс жұмыстары жүргізілді.

Сонымен қатар ТЖД қызметкерлері Шерубай-Нұра, Самарқанд және Ынтымақ су қоймаларынан жіберілетін су көлемі ұлғайтылды.

Төтенше жағдай қызметі мамандарының мәлімдеуінше, бірнеше өзендерде су тасқыны болу қаупі бар.

Барлау жұмыстарының нәтижесінде Жаман-Сарысу, Сарысу өзендері қауіпті белгілерден жоғары деңгейге көтерілгені және Шерубай-Нұра өзені мен Есіл өзенінің деңгейі қауіпті белгілерге жеткені анықталған. Облыстың басқа өзендерінде су деңгейі шамалы ғана көтерілген және ешқандай қауіп жоқ.

Су тасқыны жағдайы су тасқынына қарсы штабтың тұрақты бақылауында.

Соңғы жаңалықтар