Қарағанды облысының депутаттары сессияны қашықтан өткізді

None
None
ҚАРАҒАНДЫ. ҚазАқпарат - Қарағанды облыстық мәслихатының кезектен тыс 26-сессиясы онлайн режимінде өтті. Жиналыстың дистанциялық форматына депутаттар елдегі төтенше жағдайға және бұқаралық іс-шараларға тыйым салуға байланысты көшті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Сессия күн тәртібінде облыстық бюджетке өзгерістер енгізу мәселесі қаралды. Депутаттар бюджеттің шығыс бөлігін түзетуді бекітті. Қазынадағы қаражат шұғыл қажеттіліктерге бағытталмақ.

Инфекциялық ауруханалар мен бөлімшелер үшін жеке қорғаныс құралдары мен медициналық жабдықтар сатып алынатын болады. Азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін тұрақтандыру қорын толықтыруға қосымша қаражат бөлінді. Сондай-ақ Төтенше және күтпеген жағдайларға арналған облыстық бюджеттің резерві ұлғайтылды.

Депутаттармен байланысқа шыққан облыс әкімі Жеңіс Қасымбек коронавирустың таралуына жол бермеу жөніндегі іс-шаралар туралы айтып берді.

Оның атап өтуінше, өңірде жағдай бақылауда. Атқарушы органдар тіршілік әрекетінің барлық салаларының тұрақтылығын қамтамасыз ету бойынша күнделікті мониторинг жүргізеді. Тұрғындар тәуліктің кез келген уақытында түрлі мәселелер бойынша хабарласа алатын шұғыл желілер жұмыс істейді. Барлық қажетті шаралар жедел түрде қабылдануда.

«Мен «алдыңғы қатарлы майданда» тұрған медицина қызметкерлеріне, полиция және ТЖД қызметкерлеріне, әскери қызметшілерге үлкен алғыс білдіргім келеді. Олар тәулік бойы өз міндеттерін орындап қана қоймай, біздің әрқайсымыз үшін, халық үшін, ел үшін барлық мүмкіндіктерін аямауда, қолдарынан келгендерін жасауда. Барлығымыз бірігіп денсаулық, шыдамдылық, рух пен сенімділікті жоғалтпауын тілеп, жақсы сөздермен қолдайық. Біз бұл күрделі кезеңді бірлік пен ынтымақта өткереміз. Барлықтарыңызға денсаулық тілеймін!», - деп жазды сессиядан кейін Қарағанды облыстық мәслихатының депутаты Айман Түкбаева Facebook-тегі парақшасында.

Айта кетейік, осы уақытқа дейін Қарағанды облысында коронавирус инфекциясын жұқтырудың 4 оқиғасы тіркелді. Жалпы еліміз бойынша 120 науқас ем қабылдауда.


Соңғы жаңалықтар