Қарағанды облысының бюджеті 2023 жылы 400 млрд теңгеден асады

None
ҚАРАҒАНДЫ. ҚазАқпарат – Өңірдің 2023–2025 жылдарға арналған бюджетін Қарағанды облыстық мәслихатының депутаттары кезекті XXI сессияда бекітті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қарағанды облысында алдағы үш жылға арналған бюджеттің жартысынан көбі әлеуметтік салаға бағытталады. Әлеуметтік сала объектілерін кезең-кезеңімен жөндеу және олардың материалдық-техникалық базасын жаңарту жалғасады. Сондай-ақ пациенттерді тегін дәрілік заттармен қамтамасыз ету және мемлекеттік спорттық және шығармашылық тапсырыстарды іске асыру қарастырылады.

«Облыстық бюджетке түсімдер 430,4 млрд теңге сомасында жоспарланған. Экономиканың нақты секторының сапалы және орнықты дамуын қамтамасыз етуді қолдауға, сондай-ақ бюджеттік инвестициялық жобаларды іске асыруға арналған қаражат шығыстардың жалпы көлемінің 21,8 % құрайды. Атап айтқанда, бұл агроөнеркәсіптік кешенді дамыту және арттыру, кәсіпкерлікті, шағын және орта бизнесті қолдау, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылықты дамыту, өңірлік көлік инфрақұрылымын жаңғырту және цифрландыруды технологиялық жаңғырту үшін жағдай жасау», – деп атап өтті облыстық қаржы басқармасының басшысы Людмила Башарина.

Сондай-ақ облыста білім беру объектілерінің құрылысы, жылу, газ және сумен жабдықтау және көлік инфрақұрылымы жобаларын қаржыландыру жалғасады.

Сессияда депутаттар облыстық бюджет пен аудандар бюджеттері арасындағы жалпы сипаттағы трансферттердің көлемін және осы жылғы қоршаған ортаны қорғау жөніндегі іс-шаралар жоспарын іске асыруды бекітті.


Соңғы жаңалықтар