Қарағанды облысының бірнеше қалаларында ауруханалар мен емханаларда ауқымды жөндеу жұмыстары жүргізілуде

None
None
ҚАРАҒАНДЫ. ҚазАқпарат - Қарағанды облысының әкімі Ерлан Қошанов Жезқазған қаласына жұмыс сапары барысында қалалық перзентхананы қалалық көп бейінді аурухана ғимаратына көшіру жөніндегі жоспарлармен танысты. Жоба қалай жүзеге асырылатыны туралы Денсаулық сақтау басқармасының басшысы Ержан Нұрлыбаев айтып берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Жезқазған перзентханасы ғимаратының салынғанына 40 жылдан астам уақыт өткен. Ол қазіргі заманғы санитарлық нормаларға сәйкес келмейді. Оны көпбейінді аурухана ғимаратына көшіру арқылы аталмыш мәселені шешу мүмкіндігі бар. Қазір ауруханада 2000 шаршы метр бос орын бар.

«Мен бұл идеяға қарсы емеспін. Қазір бүкіл Қазақстан бойынша ауруханалар мен емханаларды ірілендіру тәжірибесі жүріп жатыр. Алайда көшіру кезінде қала тұрғындарының пікірін ескеру қажет. Мен оларды көпбейінді аурухана ғимаратында инфекциялық аурухана орналасқаны алаңдататынын білемін. Сондықтан бұл мәселені шешу керек», - деді аймақ басшысы.

Перзентхана жаңа ғимаратқа күрделі жөндеуден кейін ғана көшеді. Ал жұқпалы аурулар ауруханасына келсек, оны бұрын орналасқан ғимаратына қайтару жоспарлануда.

«Перзентхананы көшірудің арқасында босанған әйелдер жедел әрі сапалы кеңес ала алатын болады. Себебі олардың барлығы бір ғимаратта болады. Мемлекеттік-жекешелік әріптестік бағдарламасы бойынша көпсалалы ауруханада заманауи медициналық жабдықтар, оның ішінде магниттік-резонанстық томограф орнатылды. Бұл сондай-ақ болашақ аналар үшін үлкен артықшылық болып табылады», - деп атап өтті Ержан Нұрлыбаев.

Перзентхананың босаған ғимараты жөндеуден өтіп, онда ардагерлер мен тыл еңбеккерлеріне арналған санаториялық үлгідегі аурухана ашылады.

Қазір Жезқазғандағы аурухана қалашығында күрделі жөндеу жұмыстары аяқталуға жақын қалды. Мұнда қалалық емхана ғимараты мен стоматологиялық клиника, ЖИТС орталығы, шипажай және басқа да корпустар орналасқан аумақ толығымен қайта жаңартылады. Бұл күндері жұмысшылар коммуникацияны ауыстыруда. Содан кейін аумақта шағын мүсіндер мен гүлзарлар бар гүл бағы салынады. Шамдар мен орындықтар орнатылады. Көлік тұрағы жабдықталады. Шипажай ғимаратының жанында заманауи балалар алаңы болады. Ал бүкіл периметрі бойынша қоршау ауыстырылады.

Ағымдағы жылдың қазан айында жөндеу жұмыстары аяқталғаннан кейін мұнда қалада алғашқы кеңестік-диагностикалық орталық ашылады.

Сонымен атар қазіргі таңда Сәтпаев қаласындағы № 1 орталық аурухана ғимаратында да күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Бұл жерде жұқпалы аурулар және перзентхана бөлімдері мен шаруашылық блогы қайта жаңартылады. Жөндеу жұмыстары аяқталғаннан кейін 2020 жылы олар барлық санитарлық нормаларға сай болады.

Айта кету керек, биыл Жезқазған қаласына 10 жас дәрігер келеді. Сондай-ақ, жергілікті бюджет есебінен Жезқазған қаласында 18 маман оқытылуда. Ол акушер-гинеколог, анестезиолог, дәрігер, сәулелік диагностика және неонатолог мамандар. Биыл Сәтбаев қаласында жеті жас дәрігер жұмысқа қабылданады, олардың біреуі резидентураны бітіргеннен кейін келеді.

Соңғы жаңалықтар