Қарағанды облысының балабақшаларында мемлекеттік тапсырыс көлемі ұлғайтылды

None
None
ҚАРАҒАНДЫ. ҚазАқпарат – Қарағанды облысында балабақшаларда мемлекеттік білім беру тапсырысын ұлғайту үшін қаражат қарастырылды. Бір балаға енді 38 мың теңге бөлінеді – бұл өткен жылдарға қарағанда 9 мың теңгеге артық, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Облыстық мәслихат депутаттары онлайн режимінде өткен кезектен тыс VIII сессияда облыстық бюджетке өзгерістерді мақұлдады.

Білім беру қажеттіліктеріне қосымша 4,8 миллиард теңге бөлінді. Қаржы басқармасының басшысы Людмила Башаринаның айтуынша, бұл қаражат 1-4 сынып оқушыларының тегін тамақтануына, балабақшаларда жан басына қаржыландыруға, шәкіртақының ұлғаюына, балалардың қауіпсіздігіне және т. б. жұмсалады.

Сонымен қатар, денсаулық сақтау, мәдениет және спорт нысандарын жөндеуге қаржы бөлінді. Және де облыстың жеті мемлекеттік мұрағатына қорды сандық жүйеге ауыстыру үшін ақша бөлінді.

Бұдан басқа, тұрақтандыру қорын құруға, фермерлерге минералды тыңайтқыштардың құнын субсидиялауға шығындар қарастырылған. Тұрғын үй мәселесі де назардан тыс қалмады: бюджетте кезекте тұрғандарға үйлер салу мен қайта жаңартуға, халықтың әлеуметтік қорғалатын санаттарына пәтер сатып алуға көбірек қаржы бөлінді.

Саран қаласында индустриалды аймақ инфрақұрылымының құрылысы басталады: газ құбыры мен су құдықтары. Бұл жобалар да облыстық бюджеттен қаржыландырылады.

«Қаражат аймақтың дамуына, әлеуметтік мәселелерді шешуге жұмсалады. Өте маңызды мәселе – тұрақтандыру қорларын толықтыру. Біздің фермерлер мен тауар өндірушілердің әлеуметтік жауапкершілігін атап өткім келеді және оларға аймақтың азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге көрсеткен көмектері үшін алғыс білдіремін. Биыл жаз құрғақ болғанына қарамастан, диқандар жақсы өнім жинады. Бұған мемлекеттік қолдау көмектесті. Біздің тараптан минералды тыңайтқыштарды субсидиялау мәселесін толығымен жабу үшін қолдан келгеннің бәрі жасалды», – деді облыс әкімі Жеңіс Қасымбек.

Сессияда депутаттар мемлекеттік-жекеменшік әріптестіктің жаңа үш жобасын да мақұлдады. Қарағандыда инвесторлар екі жаңа емхана мен сәулелік диагностикалық орталық салуға ниетті.

Соңғы жаңалықтар