Қарағанды облысының аумағындағы жолдар жөнделіп, туристік нысандар жаңғыртылмақ

None
None
ҚАРАҒАНДЫ. ҚазАқпарат – Қарағанды облысының аумағындағы жолдар жөнделіп, туристік нысандар жаңғыртылмақ. Бұл туралы Қарағанды облысының әкімі Жеңіс Қасымбек өзінің Facebook парақшасында жазды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Жұмыс күні бүгін Балқашта басталды. «Қазавтожол» басшылығымен бірге «Қарағанды-Балқаш» және «Балқаш-Бурылбайтал» автожолдарының учаскелерін реконструкциялау барысын тексердік. Жұмыстар белсенді жүргізілуде. Осы жылы 4 жолақ бойынша жол жүруді қамтамасыз ету жоспарлануда.

Бұдан басқа, жергілікті «Просторное-Жарық-Ақсу-Аюлы-Ақтоғай-Балқаш» жолының 2 учаскесі, Тасарал ауылына кіреберіс және Балқаш қаласының 7 көшесі орташа жөндеуден өтеді, сондай-ақ қаладан 3-ші км-ден бастап Шашубай кентіне дейінгі жол жөнделеді»,-деді облыс басшысы.

Оның айтуынша, бүгін Балқаш курорттық аймағын дамыту бойынша кеңес өткізілді.

Республикалық бюджеттік комиссия Бертіс шығанағының туристік объектілеріне электр қуатын беру, сумен жабдықтау желілерін салу бойынша өтінімдерді қолдады. Мамыр айында олардың құрылысы басталады. Бұл туристік аймақтар үшін көптен күткен жоба. Аталған жұмыс 18 бизнес-жоба құрылысының басталуына ықпал етеді.

Тораңғылық және Шұбар-Түбек кенттерін қала шекараларына қосқаннан кейін жағалау аймағының 22 км инженерлік коммуникациялармен қамтамасыз етіліп, абаттандырылады. Қыркүйекке қарай барлық қажетті құжаттар әзірленеді. Мұнда жеке инвестициялар есебінен 12 демалыс аймағы мен туризм нысандарының құрылысы жоспарлануда.

Өткен жылы Балқаш қаласы әуежайының ұшу-қону жолағын жөндеу аяқталды. Халықаралық авиарейстердің әуе кемелерін қабылдау үшін жолды, аэровокзалды, перронды реконструкциялауға құжаттар әзірленді.

«Тораңғылық және Шұбар Түбек кенттерінде ұялы байланыс сапасы мен интернет жылдамдығы бойынша шағымдар баршылық. Бұл ретте барлық ұялы байланыс операторларын талшықты-оптикалық желімен және 4G мобильді интернетімен қамтамасыз ету мәселесі пысықталуда»,-дейді Жеңіс Қасымбек.


Соңғы жаңалықтар