Қарағанды облысының әкімі жария етілмеген кеңесшісі жайлы айтты

None
None
ҚАРАҒАНДЫ. ҚазАқпарат - Қарағанды облыстық тарихи-өлкетану мұражайында өмірден жарты жыл бұрын өткен өңірдің саяси қызметкері Сұлтан Досмағамбетовтың тұлғалық көрмесі ашылды, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.

Мәдени іс-шара Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25 жылдығы мен Қарағанды облысының 80 жылдығы аясында өткен.

«Бүгін осы жерде тұрып сөз сөйлеу маған өте ауыр. Осы залда Сұлтан Қапарұлымен бірге жұмыс жасаған басшылар отыр. Адами тұрғыда Сұлтан Қапарұлымен бірге еңбек еткендеріңізге қызығамын. Маған ондай бақыт бұйырмады», - деді Қарағанды облысының әкімі Нұрмұхамбет Әбдібеков. Оның пікірінше, көрме кейіпкері барлық дүниеге талдамалы қарайтынымен ерекшеленді.

«Біз қазір бір адамның тағдыры бейнеленген фильм арқылы өңірдің даму кезеңін тамашалағандай сезіндік. Бұл - есімі мәңгі сақталатын ірі азамат», - деп атап өтті Әбдібеков. - Мен тек соңғы екі жылда аталмыш тұлғамен таныс болдым. Осында келген алғашқы күннен бастап (Қарағанды облысының әкімі ретінде тағайындалған - авт.), бұл кісінің басшы ретінде қамқорлығын сезіндім. Сұлтан Қапарұлы өз кеңестерімен дәл сол уақытта қандай мәселеге көңіл аудару керектігін айтып, қиындық болған кезде әрдайым қолдау көрсетті. Өмірлік және саяси тәжірибесі мол тұлға екенін біле отырып, кез келген өзекті мәселені шешу барысында осы кісімен ақылдасып отыратынмын». Қарбалас оқиғалар ортасында болу - адам бақыты екенін атап өтті облыс әкімі.
 

«Бұл кісінің алдында басымды иемін. Ол Қазақстанның, Қарағанды облысының дамуына Кеңес Одағы дәуірінде де, тәуелсіздік алғаннан кейін де үлкен үлес қосты, - деді өңір басшысы өз сөзінде. - Бұл көрме - ең алдымен, жастарға деген сыйлығымыз болды. Екіншіден, Сұлтан Қапарұлына деген құрметіміздің белгісі».

Тұлғалық көрмеде ардагер балалары экспонаттар ұсынды. «Сұлтан Досмағамбетов өмірінің 60 жылын Қарағанды облысына арнады. Бұл кісі түрлі лауазымды қызметтерді атқара отырып, өңірдің дамуына қомақты үлес қосты. Сол себепті осындай тұлғалық көрме ұйымдастыруды жөн көрдік. Туыстарына өтініш жасадық, балалары отбасылық мұрағаттан материалдар берді. Болашақта да ол дүниелерді осы мұражайда қалдырады», - деді Қарағанды облыстық тарихи-өлкетану мұражайының директоры Ержан Нұрмағанбетов. Көрме бір айға созылады. Мұражай ары қарай өңірдің айтулы тұлғалары жайлы көрме ұйымдастыруды да жоспарлауда.
 

Сұлтан Досмағамбетов (01.09.1928  - 31.07. 2016 ) - Қарағанды облысы мен Қарағанды қаласының құрметтті азаматы. Еңбек жолын 1946 жылы мектеп мұғалімі ретінде бастап, Алматы заң және Қарағанды политехникалық институттарында ұстаздық жасады. 1963 жылы Қарағанды облыстық партия комитетінің хатшысы болса, 1969 жылы Қарағанды облыстық атқару комитетінің төрағасы болып сайланады. 15 жыл бойы Қарағанды педагогикалық университетінің ректоры ретінде қызмет атқарады. 1997-1999 жылдары Қарағанды облыстық мәслихатының хатшысы ретінде абыройлы жұмыс жасады. Сұлтан Досмағамбетов - «Орталық Қазақстан: табиғаты мен табиғи ресурстары, оқиғалар мен адамдар, реформалар мен дамуы» туындысының авторы. Бұдан басқа экономика, педагогика, құқық тақырыбындағы 200 ғылыми еңбектер жазған. Ленин, Еңбек Қызыл Ту (төрт рет), «Құрмет белгісі», «Құрмет» ордендері мен медальдарының үшінші дәрежелі «Шахтер даңқы» белгісінің иегері. 

Соңғы жаңалықтар