Қарағанды облысының әкімі полицейлермен және әскери қызметшілермен кездесті

None
None
ҚАРАҒАНДЫ. ҚазАқпарат – Қарағанды облысының әкімі Жеңіс Қасымбек ішкі істер органдарының қызметкерлерімен және әскери қызметшілермен кездесті. Ол ел басына төнген қиын уақытта үйлесімді жұмыс атқарып жатқандары үшін Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың атынан ризашылығын білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Полицейлер мен әскери қызметшілер үлгілі тәртіп, батылдық пен ұйымшылдықты көрсетті. Бүгінде сіздер өте жауапты міндет атқарып жатырсыздар – қоғамдық тәртіпті сақтаудасыздар. Біз сіздерді мақтан тұтамыз және азаматтарымыз сіздерге сенеді!» – деді Жеңіс Қасымбек полицейлер мен әскери қызметшілерге.

Өз кезегінде Қарағанды облысының коменданты Ерлан Файзуллин Полиция департаментінің жеке құрамы өңірде әрі қарай да тиісті тәртіпті қамтамасыз етуді жалғастыратынын атап өтті.

«Құрметті әріптестер! Осы кезде біз қиын жағдайда жұмыс істеп жатырмыз. Сіздер қызметтік борыштарыңызды орындау кезінде табандылық көрсеттіңіздер», – деді Ерлан Файзуллин.

Бүгінгі таңда елде төтенше жағдай режимі әлі де сақталып отыр. Полицейлер мен әскери қызметшілер тәулік бойы жауынгерлік кезекшілікте болады.


Соңғы жаңалықтар