Қарағанды облысының әкімі көмірге қатысты жағдайды реттеуге бір апта берді

None
None
ҚАРАҒАНДЫ. ҚазАқпарат - Қарағанды облысының әкімі Ерлан Қошанов жұмыс сапары барысында Жаңаарқа ауданы мен Жезқазған тұрғындарының коммуналдық-тұрмыстық қажеттіліктеріне арналған көмір тиеу нүктелерін аралады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Облыс әкімдігінен мәлім еткендей, Жаңаарқа ауданындағы көмір қоймасының сыйымдылығы 600 тоннаны құрайды. Мұнда көмір Шұбаркөлден және Қарағандыдан жеткізіледі. Бүгінгі таңда қоймада 140 тонна көмір бар, ол тек 30% толтырылған. Бұл туралы естіген облыс әкімі көмір тиеу нүктесін жақын арада қажетті көмір көлемімен толтыруды тапсырды.

«Халық қысқа көмір сатып алуды бастады. Ал сіздердің көмір сату нүктелеріңіз тек 30% толтырылған. Бұл өрескел жағдай! Сіздерге осы мәселені шешу үшін бір апта уақыт беремін», - деді Ерлан Қошанов.
Ал көмір толы вагондар келетін Жезқазғанның теміржол торабындағы көмір қоймасы тек 37% толтырылған. Алайда, «FerritиК» ЖШС директоры Петр Пашниктің сөзінше, бұл қиын жағдай емес. Адамдар бұл жерден көмірді түскен кезде бірден алып кетеді, сондықтан қазір мұнда ешқандай дүрлігу жоқ. Жақын арада тағы 4 вагон көмір партиясы келетіні күтілуде. Жалпы алғанда Жезқазғанның көмір сату нүктесі маусымына 2300 тонна қара алтынды сатады. Қазан айының соңына дейін қала тұрғындары толығымен отынмен қамтылатыны жоспарланған.
Бүгінгі таңда аймақтың көмір кәсіпорындары жоспарлы түрде жұмыс істеуде. Болжам бойынша Қарағанды облысында биыл көмір өндіру көлемі 38 млн тоннаны құрайды. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 19% жоғары.

Халық үшін коммуналдық-тұрмыстық көмір көлемін 1 млн тоннаға дейін немесе 24% арттыру көзделіп отыр.

Барлығы облыс аумағында 38 көмір сату нүктесі орналасқан. Негізгі бес коммуналдық-тұрмыстық көмір жеткізушілер: «Шұбаркөл көмір» АҚ, «Sat Комир» АҚ, «Разрез Куу-Чекинский» ЖШС, «Разрез Молодежный» ЖШС және «Сарыарка-Energy» ЖШС.

 

Соңғы жаңалықтар