Қарағанды облысының әкімі карантин шектеуін бұзғандарды қатаң қадағалауды талап етті

None
None
ҚАРАҒАНДЫ. ҚазАқпарат - Қарағанды облысының әкімі Жеңіс Қасымбек карантин кезіндегі үйлену тойы мен жаппай мерекелерге қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Көктемнен бастап түрлі бұқаралық іс-шараларға тыйым салынған. Дегенмен, кейбір залдар үйлену тойын, мерейтойларды және басқа да жаппай іс-шараларды тыйымдарға қарамастан жалғастыруда. Тәртіп бұзушыларға үлкен айыппұл салынады. Бірақ бұл оларға кедергі болмай тұрған сыңайлы. Жақында жүзден астам адам қатысқан үйлену тойы өткені туралы мәлімет тіркелді. Кеше әлеуметтік желіде 200-ден астам жас жиналған түнгі клубтың жұмысы туралы ақпарат жарияланды», - деді Жеңіс Қасымбек онлайн режимдегі аппараттық кеңесте.

Облыс әкімі полиция мен жергілікті әкімдіктер тарапынан бақылау әлсіз деп санайды.

«Блогер аталмыш түнгі клуб карантин жарияланғаннан бері жұмысын тоқтатқан емес дейді. Менің құқық қорғау органдарына, әкімдікке қоятын сұрағым: бұған қалай жол берілген? Бұл орындар белгілі болса да, олар жабылмайды. Мұны немқұрайдылық деп санауға болады», - деді Жеңіс Қасымбек.

Ол әр жағдайды шешуді және күн сайын ереже бұзушылармен жұмыс туралы есеп беруді талап етті.

Облыс әкімі тұрғындарды шыдамдылық танытып, көпшілік жиналатын жерлерден аулақ болуға шақырды.

«Мереке, үйлену тойы, мерейтойлар күте тұрады. Туыстарыңыз бен жақындарыңыздың өмірі мен денсаулығы маңызды», - деп атап өтті Жеңіс Қасымбек.


Соңғы жаңалықтар