Қарағанды облысының әкімі ай сайын қанша жалақы алатынын айтты

None
None
ҚАРАҒАНДЫ. ҚазАқпарат - Қарағанды облысының әкімі Ерлан Қошановтың айлық ақысы ҚР Үкіметінің саяси мемлекеттік қызметкерлердің жалақысын есептеу туралы қаулысына сай есептеледі, деп хабарлайды ҚазАқпарат облыс әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

«Жалақы тағайындаған кезде  мемлекеттік қызметтегі еңбек өтілі де ескеріледі. Аймақ басшысының еңбек стажы 20 жылдан асады. Еңбек өтілін есепке алғанда, айына 967 мың 672 теңге шығады. Міндетті салықтық шегерулер мен аударымдарды есептегенде, қолына 786 мың 642 теңге алады» делінген хабарламада.

Сонымен қатар, аймақ басшысы өзіне қосымша төлемдер мен сыйақылар жазбайтынын және алмайтынын мәлімдеді. Аппарат қызметкерлері және басқа да мемлекеттік қызметкерлер қаражаттың үнемделуі есебінен сыйақы алады. 

«Адам жақсы жұмыс істесе, мұндай артықшылықтар беріп отырғанды құптаймын», - деді Ерлан Қошанов. 

Облыс әкіміне жалақысы жете ме және оны қайда жұмсайды? Әкімнің жұмысбастылығына байланысты, отбасылық бюджетпен айналысуға уақыты жоқ. Ол қаражатты жұбайы басқаратынын жеткізді.

«Көп отбасылардағыдай, табысымыз негізінен азық-түлікке, коммуналдық қызметтерді төлеуге, үйге қажетті заттар, киім алуға жұмсалады. Қажет болған жағдайда емделуге кетеді»,- деп түйіндеді сөзін Ерлан Қошанов. 

Сондай-ақ, Ерлан Қошанов «жалақы аз ба, әлде көп пе?» деген сұраққа да жауап берді. 

«Маған жалақыны мемлекет тағайындайды және төлейді. Есептеулер заңнамалық нормаға сай жүргізіледі. Сондықтан, аз немесе көп алам деп, жеке пікірімді білдіру әдепсіздік болар. Егер мен жекеменшік секторда жұмыс істесем, ол жерде мен жұмыс берушіге өз пікірімді және позициямды айта алар едім. Алайда, мемлекеттік қызметкер болғандықтан, мұнда, тағы қайталап айтайын, өз жеке пікірімді ортаға салу әдепсіздік болады. Маған және менің жұмысыма бағаны Президент пен облыс тұрғындары береді», - деп атап өтті әкім.

Соңғы жаңалықтар