Қарағанды облысының 5 ауданында су тасқыны қаупі жойылды

None
None
ҚАРАҒАНДЫ. ҚазАқпарат - Қарағанды облысының бірнеше ауданында үйлерді су басу қаупі пайда болды. Дегенмен, облыстық ТЖД мен жергілікті билік күшімен жағдай тұрақтанды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

27 наурызда Жаңаарқа ауданында Атасу станциясында қар еріп, 7 тұрғын үйді су басу қаупі туындады. Қызыл су бір көше және станция маңынан өтті. Су басудың алдын алу мақсатында су арнасын бұру жұмыстар жүргізілді. 200 м қорғаныс үймегі салынып, 500 қап төселді. Су тасқынына қарсы іс-шараларға жергілікті атқарушы органдардың, ТЖ бөлімінің, полиция, темір жол бөлімшесінің күштері мен құралдары және жергілікті халық жұмылдырылды. Жағдай тұрақтандырылды. 28 наурыз сағат 8:00-де судың деңгейі 20 см дейін төмендеді.

Бұл күні сонымен қатар Жаңаарқа ауданы Орынбай ауылында Сарытас шоқысынан еріген қар суының қарқынды түрде түсуіне байланысты 8 тұрғын үйді су басу қаупі туындады. Су ауылдың шеттері мен үш көшелерінің үстінен өтті. Оқиға орнына жергілікті атқарушы органдар, ТЖ бөлімінің, полиция қызметкерлері, жергілікті халық жұмылдырылды. Су басудың алдын алу мақсатында елді мекенде 300 қап және 150 тонна инертті материал төселді. Қауіпсіз жерге 160 бас ірі қара және ұсақ мал көшірілді. 28 наурызда сағат 8:00-де су деңгейі 10-15 см-ге төмендеді.

Жаңаарқа ауданының аумағында Сарысу өзенінің бассейнінде су деңгейі көтерілуіне байланысты аталған аймаққа Қарағанды және Жезқазған қалаларының ТЖД бөлімшелерінен 38 адам, 8 техника, 3 жүзу құралы, 4 мотопомпа жіберілді.

Сондай-ақ, 28 наурыз сағат 03:20-да Абай ауданы Құлайғыр ауылында қар еріп, Топар өзені деңгейінің көтерілуі салдарынан 6 ауланы су басты. Жергілікті атқарушы органдар мен ТЖД бөлімшелерінің күшімен қорғаныс білігін нығайту, аула маңындағы аумақтардан суды сору жұмыстары ұйымдастырылды, 300 тонна инертті материал төгіліп, 2500 қап төселді.

Бір тәулік аралығында екі автожол учаскелерінде су жүрді. Қарқаралы ауданында республикалық маңызы бар «Қарағанды-Аягөз-Бұғаз» автожолының 137 км-де ені 100 метр, биіктігі 5-10 см-ден асатын су өткелі пайда болды. Автотехниканың өтуі жүзеге асырылды, ескерту белгілері қойылды, сол жерде «Қазақавтожол» ЖШС қызметкерлері кезекшілік етеді. Елді мекендерді су басу қаупі жоқ.

Шет ауданында республикалық маңызы бар «Ақшатау-Қызылорда-Павлодар» автожолының 165-166 шақырымында «Бидайық-Көктінкөл» учаскесінде қар еруі салдарынан ені 300 м, биіктігі 20-30 см су жүрді. Ақадыр кенті арқылы айналма жол жасалды, ескерту белгілері қойылған, оқиға орнында «Матан» ЖШС қызметкерлері кезекшілік етеді. Елді мекендерді су басу қаупі жоқ.

Қарқаралы, Бұқар Жырау және Жаңаарқа аудандарының жолдарында болған су тасқыны тоқтатылды.

Қарағанды облысының төтенше жағдайлар департаментінің дағдарыс орталығында су тасқынына қарсы штаб жұмысы жалғасуда. Облыс аумағындағы ахуалдың мониторингі жүзеге асырылады, облыстың жергілікті атқарушы органдарымен, азаматтық қорғаудың мемлекеттік жүйесінің аумақтық кіші жүйесінің басқару органдарымен тұрақты өзара іс-қимыл қамтамасыз етілуде.

Күн сайын су объектілеріндегі гидрологиялық жағдайға бақылау жүргізіледі.

Соңғы жаңалықтар