Қарағанды облысындағы Шахан кентінде іздестіру-құтқару жұмыстары аяқталды
2017 жылғы 2 қаңтар 15:31

Қарағанды облысындағы Шахан кентінде іздестіру-құтқару жұмыстары аяқталды

ҚАРАҒАНДЫ. ҚазАқпарат - Қарағанды облысының Шахан кентіндегі қазандықтың жарылуы салдарынан құлаған көп қабатты тұрғын үйдің орнында іздестіру-құтқару жұмыстары аяқталды, деп хабарлайды оқиға орнындағы "ҚазАқпарат" ХАА тілшісі.

"Шахандағы іздестіру-құтқару жұмыстары аяқталды. Зардап шеккендердің жалпы саны - 9 адам. Із-түссіз жоғалғандар жоқ", - деп мәлім етті облыс әкімдігінің баспасөз қызметі. Әзірге белгілісі, бұл көпқабатты үйде 118 тұрғын мекендеген, ал ТЖ орын алған кезде құлаған бөлікте шамамен 30 адам болған. Тұрғындардың көбісін туыстары сыртқа шығарып үлгерген. Сонымен қатар, баспанасыз қалғандарға балабақшаның ғимаратында тұруға мүмкіндік берілді.
Үйінділерді тазартуға 280 адам жұмылдырылған, олардың қатарында құтқарушылар, полиция қызметкерлері, жергілікті атқарушы органдар, жедел медициналық жәрдем бригадасы, Ұлттық ұланның 52859 әскери бөлімінің ауыр техникасы және жеке кәсіпкерлер бар.

Сонымен қатар, Қарағанды облысы Шахтинск қаласына қарасты Шахан кентіндегі тұрғын үйдің құлау оқиғасына қатысты Шахан кенті әкімдігі қасынан шұғыл желі ашылды: 8 (72156) 3-24-17.
Еске сала кетейік, 1 қаңтар күні 22:40-та Қарағанды облысы ТЖД құтқару бөліміне Шахтинск қаласына қарасты Шахан кентіндегі көпқабатты үйдің бір бөлігі опырылып түскені туралы қоңырау шалынған. Оқиға орнына шұғыл түрде ТЖД құтқарушылары жөнелтіліп, тұрғындар эвакуацияланды. Әуелі 1 адамның мәйіті үйінді астынан шығарылған болатын. Кейін екінші тұрғынның денесі үйінді астынан табылды.

Автор:
Тілші

Jańalyqtar

MURAǴAT