Қарағанды облысындағы кәсіпорындар қызметкерлерінің жалақысы өсті

None
None
ҚАРАҒАНДЫ. ҚазАқпарат - Қарағанды облысы тұрғындарының табыстары өскені туралы өңір басшысы Ерлан Қошанов өзінің есеп беру кездесуі барысында мәлімдеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Елбасының жалақыны көтеру туралы бастамасын облыстың 32 мың кәсіпорыны қолдады. 220 мың қызметкер орта есеппен бұрынғыдан 14%-ға артық жалақы алады. 2018 жылдың 4 тоқсанының қорытындысы бойынша облыс бойынша орташа жалақы 164 мың теңгеге дейін өсті. 1 қаңтардан бастап ең төменгі еңбекақы мөлшері бар аймақтың 80 мың тұрғынының табысы салықтың төмендеуі есебінен 9%-ға өсті», - деді облыс әкімі Ерлан Қошанов.

Оның айтуынша, жұмыспен қамтудың түрлі шараларының арқасында жұмыссыздық деңгейі 4,5% - ға дейін төмендеген. Өткен жылы 14 мың жаңа жұмыс орны ашылған. Ал биыл 40 мың адамды жұмысқа орналастыру жоспарлануда.

Ерлан Қошанов сондай-ақ тарифтердің төмендеуі және бағаны тежеу шаралары туралы айтып өтті. 1 қаңтардан бастап облыста коммуналдық қызметтер 5-11%-ға арзандады.

«Бағаны ұстап тұру бойынша жұмыс инфляцияны 5,1% деңгейінде ұстап қалуға мүмкіндік берді. Бұл республикадағы ең үздік көрсеткіштердің бірі. Тұрақтандыру қоры құрылды. Оған бірінші қажеттілік санатына жататын азық-түлік - қант, өсімдік майы, күріш, қарақұмық сатып алып, сақталып қойды. Бұдан басқа, біздің фермерлер өндіретін жеміс, көкөніс өнімдері бойынша тоқталар болсақ, бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі аясында өзіндік құны бойынша 2 000 тоннадан астам өнім салынды», - деді облыс әкімі.

Тұрақтандыру қорының өнімдері әлеуметтік павильондар мен супермаркеттерде нарықтық бағадан 25-30% - ға төмен бағамен сатылды. Биыл көкөніс қоры 3 000 тоннаға дейін артты. Ерлан Қошанов осы бастаманы қолдағаны үшін шаруаларға алғыс білдірді.

Соңғы жаңалықтар