Қарағанды облысындағы ауылда ірі қарадан қарасан анықталып, карантин жарияланды

Фото:
ҚАРАҒАНДЫ. ҚазАқпарат – Қарағанды облысы Қарқаралы ауданына қарасты Мартбек Мамыраев ауылдық округіндегі «Свиридов» қожалығында ірі қарадан қарасан анықталды. деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Мал иесінің сөзінше, мал шығыны биылғы 15 қазанда басталған. Алғашында уланған болар, деп хабарламаған және 20 қазанда 7 бас мал шығын болған. Ол алғашқы 5 малдың өлексесін көмгізгенін жеткізді.

20 қазан күні өлген бұзаудан паталогиялық сынамалар алынып, қарасан және сібір жарасы ауруларына зерттеуге жіберілді. Сараптама актісіне сәйкес, ірі қара малдың сынамасынан қарасан ауруы анықталған.

«Мартбек Мамыраев ауылдық округінің «Қоспақ» қыстағындағы «Свиридов» шаруа қожалығы аумағында ірі қара малдары арасынан қарасан ауруы анықталуына байланысты карантин белгіленсін», - делінген ауылдық округ әкімі Ж.Әскербекұлының «Ашық» НҚА порталында жарияланған тиісті шешімінде.

Аурудың таралуына жол бермеу мақсатында мал иесіне өзге жануарларды оқшаулап ұстау ескертілген.

Қоса кетсек, бұған дейін Түркістанда ұсақ малдан бруцеллез табылған екі ауыл карантинге жабылған еді.


Соңғы жаңалықтар