Қарағанды облысындағы 100-ден аса елді мекенге газ тартылады

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Қарағанды облысының әкімі Ерлан Қошанов өңірде Президенттің «Бес әлеуметтік бастамасы» қалай іске асырылып жатқанын айтып берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«7-20-25» бағдарламасы бойынша, қазіргі уақытта жекеменшік құрылыс жүргізушілердің жобаларының пулы құрылды. Үш жылдың ішінде 4 мың пәтерлік 23 жобаны іске асыру жұмыстары қолға алынып отыр. Жыл соңына дейін аталған бағдарлама бойынша - 325, ал келесі жылы 1 мыңнан аса  пәтер пайдалануға беріледі. Қазіргі уақытта тұрғындардан 104 өтініш қабылданып, олардың 68-і бойынша банктер оң шешім шығарды», - деді Е.Қошанов бүгін Астанада өткен баспасөз мәслихатында.

Аймақ басшысы сонымен бірге, келесі жылы облыстық бюджеттен 700-ден астам отбасына тұрғын үй сертификаттарын беру үшін 1 млрд теңге қаражат бөлу жоспарланып отырғанын тілге тиек етті.

«Екінші бастама бойынша, келесі жылдан бастап аймақта салық көлемін төмендету есебінен 80 мың тұрғынның жалақысы 9 пайызға өседі. Ал үшінші бастамаға келер болсам, Қарағанды қаласында қазіргі уақытта 84 мың студент жастар бар. Бұл ретте, жатақханалар тапшылығы 2350 орынды құрап отыр. Биылғы жылдың ішінде босап тұрған ғимараттарды жаңғырту есебінен колледж студенттері 850 орынмен қамтамасыз етіледі. Қалған қажеттілікті  екі жыл ішінде 4 жаңа жатақхананы салу есебінен жабатын боламыз», - дейді ол.

Ал төртінші әлеуметтік бастама негізінде шағын несиелеудің ауқымын кеңейту үшін алғаш рет 5,7 млрд теңге қаражат бөлініп отыр. Негізгі басымдық алыс орналасқан және ауылдық аудандарға берілген. Осылайша, бір жарым мың жаңа бизнес ашылып, 2250 жұмыс орны құрылатыны көзделген.

«Бесінші бастама - газдандыру мәселесі. Газ құбырының 1100 шақырымының 840 шақырымы Қарағанды облысының аумағы арқылы өтетін болады. 100-ден аса елді мекенге газ беріледі. Миллионға жуық адамның тұрмыс жағдайы жақсарады. Бұл дегеніміз облыс халқының 70 пайызы. Ауылдық елді мекендерге газ тарту арқылы аналарымыз бен апаларымыз пеш жағудың бейнетінен құтылады. Яғни өмір сапасы анағұрлым жақсаратын болады. Ал біздің, яғни, жергілікті атқарушы органдарының алдында тұрған басты міндет - газ тарату жүйелерін салу болып табылады. Бірінші кезең - Қарағанды,  Теміртау, Жезқазған қалалары үшін жобалау жұмыстарын іске асыру шаралары қазіргі уақытта аяқталуға жақын. Жалпы газ құбырын салу жұмыстары 2019 жылдың басында іске асырыла бастайды», - деп түйді Ерлан Қошанов.

Соңғы жаңалықтар