Қарағанды облысында жылыту маусымына дайындық аяқталуға жақын

None
None
ҚАРАҒАНДЫ. ҚазАқпарат - Қарағанды облысының әкімі Ерлан Қошановқа алдағы жылыту маусымы туралы есеп берілді. Кейбір аудандардағы жағдайды ол ерекше бақылауға алуды тапсырды, деп хабарлайды Қарағанды облысы әкімдігінің баспасөз қызметі.

Қарағандыда жылыту маусымына дайындық жұмыстары 95% орындалды. 25-ші қыркүйекке дейін жылыту желілерін қалыпқа келтіру жұмыстарын аяқтау жоспарланып отыр. Жалпы аймақта 20-шы қыркүйекте барлық нысандар жылу беруге дайын болуы тиіс.

Ерлан Қошановқа сондай-ақ халыққа арналған мектеп, аурухана және әлеуметтік-мәдени нысандарға арналған көмір қорына қатысты жағдай туралы баяндалды.

«Аймағымызда барлығы халыққа арналған көмір сататын 38 орын бар. Оның ішінде Қарағанды, Жезқазған, Қаражал және Шахтинскіде қатты отын қоры жақсы. К-10 және К-20 маркалы көмірге сұраныс жоғары болуына байланысты біз дәл осы отын түрінің қорын ұлғайтып жатырмыз. Қазіргі таңда мұндай көмір тек «Рапид» ЖШС-де ғана емес, сонымен қатар «Богатырь» екібастұздық разрезінде де сатылады. Теміртау, Балқаш, Ақтоғай, Бұқар Жырау және Жаңаарқа аудандарында тұйықтарда көмір қоры жоқ», - деп мәлімдеді облыс әкімінің орынбасары Анатолий Шкарупа.

Бұл аудандардағы жағдайды аймақ басшысы ерекше бақылауға алуды тапсырды. Ал аудан әкімдеріне кідірместен бұл олқылықтарды жою керектігін атап айтты. Жұмыстардың нәтижесі келесі дүйсенбіде өтетін жиналыс барысында баяндалуы тиіс.

Өткен демалыс күндері облыс әкімі Жаңаарқа ауданы мен Жезқазған қаласында болып қайтты. Онда ол жылыту маусымына дайындық жұмыстарының барысымен танысты.

Облыс халқының қатты отынға сұранысы, алдын ала есеп бойынша, биылғы жылы 745 мың тоннаны құрайды.

Бүгінгі таңда аймағымыздың көмір кәсіпорындары жоспарлы түрде жұмыс істеп жатыр. Биылғы жылы Қарағанды облысында көмір өндіру көлемі 38 млн тоннаны құрайды деп жоспарлануда. Ол өткен жылмен салыстырғанда 19%-ға көбірек.

Халыққа арналған коммуналдық-тұрмыстық көмір түсіруді 1 млн тоннаға немесе 24% ұлғайту жоспарланған.

Аймақта коммуналдық-тұрмыстық көмірді жеткізетін бес негізгі компания бар: «Шұбаркөл көмір» АҚ, «Sat Комир» ТКРК АҚ, «Қушоқы разрезі» ЖШС, «Молодежный разрезі» ЖШС және «Сарыарқа-Energy» ЖШС.

Соңғы жаңалықтар