Қарағанды облысында жылу желілеріне қатысты мәселе шешіле бастады

None
None
ҚАРАҒАНДЫ. ҚазАқпарат – Қарағанды қаласының Сұрыптау шағынауданында магистральдық жылу желісінің құбырларын қайтадан қаптап жатыр.

Бұл тұтынушыларға берілетін жылуды үнемдеуге мүмкіндік береді. Яғни мықты қапталған құбыр, жылуды да оңайлықпен жоғалтпайды.

Биылғы қыста тұрғындар пәтерлерінің суық болғанына шағымданды. Сонымен қатар, осы ауданның жұмысшы кентінде су құбырының құрылысы жүріп жатыр.

Қарағанды облысының әкімі Жеңіс Қасымбек осы жұмыстардың барысын тексерді.

«Былтыр Қарағанды бойынша ұзындығы 117 шақырым магистральдық желілердің жылу оқшаулау жобасы әзірленді, биыл бірінші кезең басталды – ЖЭО-3-тен Сұрыптауға апаратын магистраль учаскесінде жылу оқшаулау қалпына келтіріледі. Біз кезең-кезеңмен жұмыс жүргіземіз. Бұл жылу шығынын азайтып, қала тұрғындарын сапалы қызметпен қамтамасыз етеді», – деді Қарағанды қаласы әкімінің орынбасары Сәбит Оспанов.


Сұрыптауда, Жұмыс кентінде сонымен қатар сумен жабдықтау бойынша да жоба іске асырылуда. Бұл елді мекенде ешқашан орталық су құбыры болмаған. Ұзындығы 16 шақырым су құбыры салынады, ол шамамен 1000 тұрғынды сумен қамтамасыз етеді. Бүгінгі таңда екі шақырым құбыр төселді. Нысанды тапсыру осы жылы жоспарланған.

Жеңіс Қасымбек сондай-ақ Сұрыптау секторының айналма автожолы құрылысының барысымен танысты. Жұмыстарға 30 бірлік техника жұмылдырылды. Мердігер құрылысты жаздың соңына дейін аяқтауға уәде береді.

Облыс әкімі Майқұдыққа да барып, Магнитогорск көшесіндегі жолдың және 11а шағын ауданындағы 600 орындық мектептің құрылысы барысымен танысты.

Аралау барысында Жеңіс Қасымбек жаңа кәсіпорын – «Трубпром» ЖШС-де болды. Оның өнімі Нұр-Сұлтан, Ақмола және Қарағанды облыстарын газдандыру үшін пайдаланылады. Қарағандыда өндіріс екі ай бұрын іске қосылды, бірақ қазірдің өзінде 60-қа жуық жұмыс орны ашылды.


Кәсіпорын басшысының айтуынша, өндіріс пен өнім желісінің кеңеюімен олардың саны үш есеге артады.


Соңғы жаңалықтар