Қарағанды облысында жыл соңына дейін жеті емхана ашылады

None
None
ҚАРАҒАНДЫ. ҚазАқпарат – Биылғы жылдың соңына дейін Қарағанды облысында жеті емхана мен екі оңалту орталығы ашылады. Бұл туралы өңір әкімдігінде өткен аппарат жиналысында Денсаулық сақтау басқармасының басшысы Ержан Нұрлыбаев мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Биыл өңірде 4 жаңа емхана, оның ішінде бір балалар емханасы ашылды. Оларда барлығы 70 мыңнан астам адам тіркелген.

Облыс орталығы Қарағандыда жаңадан екі оңалту орталығы ашылады. Бірі - 40 төсек орынға шақталған ересектерге арналған орталық қаланың оңтүстік-шығысында орналасқан. Екіншісі - Майқұдықтағы балаларға арналған 50 орындық оңалту орталығы.

Ержан Нұрлыбаев сондай-ақ, облыста міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесін пилоттық режімде енгізу мәселесі туралы айтты.

«Оңалту көмегіне қол жеткізу 42% жақсарды. МӘМС енгізу жөніндегі пилоттық жоба басталғанға дейін ай сайын оңалту төсектерінде орташа 690 пациент емделді. Қазан айында бұл көмек түрі 981 науқасқа көрсетілді», - деп атап өтті Ержан Нұрлыбаев.

Медициналық сақтандыру арқасында көптеген адамдар КТ және МРТ сияқты қымбат тексеруден өте алды. Медициналық қызметтің бұл түрлері соңғы екі айда 2,5 есе жиі көрсетіле бастады.

Дегенмен, пилоттық жобаны енгізу бірқатар мәселелердің де шетін шығарды. Олардың қатарында - медициналық сақтандыру жүйесінде азаматтардың мәртебесін өзектендіру және жұмыс берушілер тарапынан уақытылы төлемдер жасау секілді проблемалар бар.

Осы жылдың 1 қыркүйегінде жоба басталған кезде облыста нақты мәртебесіз 45 мыңға жуық адам болған. Қазір олардың саны 16 мыңға дейін қысқарды. Оның 8 680-де құжаттары жоқ. Қала және аудан әкімдері бұл адамдарға қысқа мерзімде жеке куәлікті дайындауға және ЖСН алуға, одан кейін МӘМС жүйесінде тіркелуге көмектеседі.

«Бұл мәселелер бірінші желтоқсанға дейін шешілуі тиіс. Төлем жасамайтын жұмыс берушілермен әңгіме жүргізулеріңізді сұраймын. Бұл 2500-ге жуық түрлі мекемелер. Егер төлемдер тұрақты болмаса, онда бұл мемлекеттік-жекешелік әріптестік бағдарламасы бойынша жұмыс істейтін жекеменшік клиникалардың қызметкерлеріне әсерін тигізеді. Олар халыққа қызмет көрсетеді, ал медициналық сақтандыру қоры олармен есептесе алмайды», - деп атап өтті Қарағанды облысының әкімі Жеңіс Қасымбек.

Ол сондай-ақ жыл соңына дейін МӘМС жүйесінде азаматтардың мәртебесін өзектендіру мәселесін шешуді және ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жалғастыруды тапсырды.

Естеріңізге сала кетейік, Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру бағдарламасы осы жылдың 1 қыркүйегінде Қарағанды облысында пилоттық режімде іске асырыла бастаған болатын. Республиканың басқа өңірлері оны 2020 жылдың 1 қаңтарынан енгізбек.

Соңғы жаңалықтар