Қарағанды облысында жыл басынан бері алаяқтыққа қатысты 677 дерек тіркелген

None
ҚАРАҒАНДЫ. Интернет-алаяқтық қылмысының күн санап өсуіне байланысты Қарағанды облысы полиция департаменті бастығының орынбасары Әбіл Әбілдин тұрғындарға үндеу жариялады, деп хабарлайды Қазақпарат Polisia.kz-ке сілтеме жасап.

Интернет алаяқтық фактілері бойынша ескертулер мен алдын алу жұмыстарына қарамастан облыс тұрғындары тарапынан алаяқтардың алдауына түсіп жатқан азаматтардың саны күн санап өсіп келеді. – Сіздерге тағы да үндеу жасауға мәжбүр болып отырмын. Жыл басынан бастап аумақтық ішкі істер органдарына алаяқтардың арбауына түсу фактісі бойынша 677 қылмыстық іс тіркелді. Алаяқтардан тұрғындарға келтірілген шығын

«1 миллиард 16 миллион 179 мың теңге. Жыл басынан бастап, полиция қызметкерлерімен жүргізілген кешенді іс-шаралар барысында ақпараттық жүйе арқылы бірнеше эпизод қылмыс жасаған 12 адам ұсталды», – деді Қарағанды облыстық полиция департаменті бастығының орынбасары Әбіл Әбілдин.

Оның айтуынша, алаяқтық фактісінің ең көп таралған түрінің бірі – өздерін «банк қызметкеріміз» деп телефон шалу. Ондай жолмен алаяқтық жасаудың 212 дерегі тіркелді. Оның ішінде Kaspi Bank – 52 факті, Ұлттық банк – 49 факті, Eurasian Bank – 35, Халық Банк – 25 фактіден, ForteBank – 19, Центр Кредит Банкі – 10, Homebank – 4, Қазақстан Банктер Ассоциациясы – 3, Jusan Bank бойынша 1 дерек тіркелген. Жалған банк қызметкерлері тарапынан тұрғындарға келтірілген шығын көлемі 400 млн теңгені құрап отыр.

«Кейбір жағдайларда бұндай қылмыстарға қаржы ұйымдарының қызметкерлерінің қатыстылығы анықталып жатады. Мәселен, 17 мамыр күні полиция қызметкерлерімен жүргізілген кешенді жедел-іздестіру іс-шаралары барысында 40 жастағы банк қызметкері ұсталды. Ол өзінің қызметін пайдаланып, өзінің 33 жастағы танысына 66 жастағы зейнеткердің жеке деректерін беріп, күдікті зейнеткерге 930 мың теңге шығын келтірген. Қазіргі уақытта күдіктілердің осыған ұқсас қылмыстарға қатыстылығы тексеріліп жатыр, – деді Әбіл Әбілдин. Алаяқтық фактілерінің алдын алу мақсатында 22 мамырдан бастап Қарағанды облысы аумағында «Тоқта, алаяқ» атты кең көлемді акция өткізіледі. – Құрметті жерлестер! Егер банк қызметкері қоңырау шалса, ол сіздерде бірден күмән тудыруы қажет. Телефон тұтқасын қойып, бірден жедел желіге немесе «102» арнасына қоңырау шалыңыз, – деп сөзін түйіндеді Ә.Әбілдин.


Соңғы жаңалықтар