Қарағанды облысында журналистер марапатталды

None
None
ҚАРАҒАНДЫ. ҚазАқпарат – Қарағанды облысының әкімі Жеңіс Қасымбек «Алтын сұңқар» байқауының жеңімпаздары марапаттап, журналистерді кәсіби мерекесімен құттықтады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Бүгінде журналистердің сан қырлы еңбегін қажет етпейтін бірде-бір сала жоқ. Сіздер әрекет етуге, ойлануға, жанашырлық танытуға, шындықты әр түрлі тұрғыдан көруге көмектесесіздер. Қарағанды журналистика мектебі өзінің ерекше шеберлігімен, қайталанбас бірегейлігімен ерекшеленеді. Қарағанды – журналист кадрларының нағыз ұстаханасы деп бекер айтпайды», – деді Жеңіс Қасымбек.

Өңір басшысы журналистика ардагерлері мен жұмыс істеп жүрген БАҚ қызметкерлеріне шеберлігі мен ісіне адалдығы үшін алғыс айтты.

«Көпшіліктеріңіз осы қиын-қыстау кезеңде жұртшылықты өңірдегі ахуал туралы жедел әрі шынайы хабардар ете отырып, пандемиямен күрестің алдыңғы қатарында еңбек етіп келесіздер», – деп атап өтті Жеңіс Қасымбек.

Кездесуге қатысушыларға ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің марапаттары табыс етілді. Белгілі қарағандылық журналист, Карлаг зерттеушісі Екатерина Кузнецова «Еңбек ардагері» медалімен марапатталды. Журналистика ардагері Сағат Батырханова, «5 арна» редакторы Рушан Бараев, «ТВ-АРТ» компаниясының директоры Руслан Никонович және «Индустриальная Караганда» газеті бас редакторының орынбасары Станислав Песнев «Ақпарат саласының үздігі» төсбелгісіне ие болды. Бірқатар БАҚ басшылары мен қызметкерлері министрлік грамоталарымен марапатталды.

Сондай-ақ, жыл сайынғы «Алтын сұңқар» байқауының қорытындысы шығарылып, жеңімпаздарды марапаттады. Облыста ол 15-ші рет өттті. Осы уақыт ішінде марапатты 202 журналист пен алты БАҚ ұжымы алды.

Биыл байқауға 104 өтінім келіп түсті. Байқау комиссиясы он номинация бойынша лауреаттарды таңдады. Олар 500 мың теңге көлемінде сыйлық, дипломдар мен естелік мүсіншелер алды.

«Қарағанды журналистикасының дамуына қосқан үлесі үшін» арнайы сыйлығына Saryarqa aqparat медиахолдингінің ұжымы ие болды. Компания құрамына кіретін және биыл 90 жылдығын атап өтетін облыстық «Ortalyq Qazaqstan» және «Индустриальная Караганда» газеттері миллион теңгеден сертификаттар алды.

«Біз комиссия мүшелері мен облыс әкіміне жұмысымызды жоғары бағалағаны үшін алғысымызды білдіреміз. Бұл біздің үлкен ұжымның жеңісі, оның құрамына тек екі облыстық газет – мерейтой иелері ғана емес, сонымен қатар Life09 жобасы, интернет-редакция да кіреді. Біз алдағы уақытта да өңірдің барлық басты жаңалықтарын объективті түрде жариялауға және халыққа пайдалы ақпаратты жеткізуге тырысамыз», – деп атап өтті Saryarqa aqparat медиахолдингінің директоры Қамбар Ахмет.


Соңғы жаңалықтар