Қарағанды облысында жоғары сұрыпты әк өндірілетін болады
Зауытты «Saryopan Operating» ЖШС салады. Техникалық серіктес Carmeuse Group бельгиялық трансұлттық компания болмақ. Жобалық қуаты – жылына 300 мың тонна дайын өнім, келешекте бұл көрсеткіш 600-ге дейін ұлғайтылады. 300-ге жуық жұмыс орны ашылады.
– Бұл өңірге 30 миллиард теңгеге жуық инвестиция, жаңа жұмыс орындары, жаңа технологиялар әкелетін маңызды жоба. Ең бастысы – зауыт қара және түсті металлургияға, химия өнеркәсібіне және басқа да салаларға қажетті өнім шығаратын болады. Бұл өндіріс Осакаров ауданы үшін жаңа өсу нүктесі болатынына сенімдімін, – деп атап өтті Қарағанды облысының әкімі Жеңіс Қасымбек.
Бірінші сұрыпты әк өндіру кешені отандық қара және түсті металлургия, шыны өнеркәсібі кәсіпорындарының қажеттіліктерін қамтамасыз етеді.
– Сарыопан кен орны металлургиялық әк өндіруге мүмкіндік беретіндігімен ерекше, - дейді SaryopanOperating техникалық директоры Ескендір Қолдасов.
– Карьер ашық тәсілмен әзірленетін болады. Тау массасы бірден екі фракциялы өндіріске түседі. Үлкен бөлігі – қара металлургияда, ал кішісі – түсті.
Зауыт әктің үш түрін шығарады: кесек, ұсақталған және гидратталған. Негізгі тұтынушылар «АрселорМиттал Теміртау», «Қазақмыс», «Қазхром» және KAZ Minerals компаниялары болады.
Кәсіпорынды іске қосу 2022 жылдың төртінші тоқсанына жоспарланған.
Өндірістік инфрақұрылым зауытқа «Бизнестің жол картасы – 2025» мемлекеттік бағдарламасы бойынша жеткізілуде.