Қарағанды облысында жер қойнауын пайдаланушы міндеттемелерін орындамауы салдарынан келісімшарттардан айырылуы мүмкін

None
None
ҚАРАҒАНДЫ. ҚазАқпарат - Қарағанды облысында көпшілікке таралған пайдалы қазбаларды өндіру бойынша келісімшарт міндеттемелерін орындай алмай жүрген жер қойнауын 20 пайдаланушы анықталды. Бұл туралы облыстық өнеркәсіп және индустриялық-инновациялық даму басқармасының басшысы Төлеген Игембаев хабарлады.

«2016 жылдың 1 қаңтарындағы жағдай бойынша Қарағанды облысында жер қойнауын пайдалану саласында  көпшілікке таралған пайдалы қазбаларды өндіру бойынша 64 келісімшарт жасалған, соның ішінде 28-і - құрылыс тасы, 12-сі - құм-қиыршық тасты қоспа, 7 - әктас, 6 - балшық, 4- құм, 2 - кварцит, 2- гипс және тұз, доломит және супесьте - бір-бірден.

«Центрказнедро» өңіраралық департаментінің лицензиялық-келісімшарт талаптары бойынша есебіне сәйкес, жер қойнауын пайдаланушылардың 2015 жылдың қорытындылары бойынша келісімшарт міндеттемелерін орындауына талдау жасалды. Жер қойнауын пайдаланушылардың пайыздық арақатынаста қаржылық міндеттемелерін орындау бойынша тізімі анықталды», - деді облыс әкімдігінің аппарат кеңесінде Т.Игембаев.

Сондай-ақ өндіру көлемдері бойынша талдау жасалды.

«Келісімшарт міндеттемелерін 30 пайыздан төмен орындаған жер қойнауын пайдаланушыларға келісімшарт міндеттемелерін орындамау себептерін түсіндіру туралы шамамен 20 ескерту жолданды. Лицензиялық-келісімшарт талаптарын (ЛКТ) орындамау мәселелері алдағы уақытта сараптау комиссиясының қарауына жіберіледі. Жер қойнауын пайдаланушының ЛКТ орындамаудың дәйекті себептерін ұсынбау жағдайында келісімшарттар біржақты тәртіпте үзіледі», -  деп ақпараттандырды басқарма басшысы.

Ол 2015 жылы жер қойнауын 5 пайдаланушымен келісімшарттар үзілгенін атап өтті. «Ағымдағы жылы міндеттемелерді орындамау үшін бір келісімшарт үзілді. Бұл - «Қазақмыс» бірлестігі» ЖШС-нің балшықты өндіретін Талап кен орны», - деп қосты Т.Игембаев.

Оның мәліметтерінше, облыста қатты пайдалы қазбалар бойынша 127 келісімшарт орнатылған. Талдау көрсеткендей, жер қойнауын 31 пайдаланушы келісімшарт міндеттемелерін 30 пайыздан төмен деңгейде орындаған. «Қатты пайдалы қазбалар бойынша ЛКТ орындамау бойынша ақпарат мәселені қарау үшін ҚР Инвестициялар және даму министрлігіне жіберілді», - деп хабарлады басқарма басшысы. 

Соңғы жаңалықтар