Қарағанды облысында ЖЭО-лардың түтін құбырлары тексеріледі

Фото: None
ҚАРАҒАНДЫ. ҚазАқпарат – Қарағанды облысында Жылу электр орталықтарындағы түтін құбырларының техникалық жағдайына тексеру жүргізіледі, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Облыс әкімдігінде жылыту маусымы қалай аяқталып жатқаны және келесі маусымға дайындық жайлы айтылды.

Энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары Нұржан Нақыпбековтың айтуынша, өткен күзгі-қысқы кезеңде елеулі технологиялық бұзушылықтар болмаған. Жылудың жеткіліксіз болған жайттары жабдықтардың қанағаттанарлықсыз жағдайымен байланысты.

Келесі жылыту маусымын тұрақты өткізу үшін жылу нысандарының иелері жаңғырту мен жөндеуге 22 млрд теңге бөледі.

«Сегіз станцияда 17 қазандық пен 9 турбинаны күрделі жөндеу жоспарланған. 32 қазандық пен 22 турбинаның ағымдағы жөндеуі кеңейтілді. Осы жылдан бастап Жезқазған ЖЭО-да бір қазандық және Топар ЖЭО-да бір турбина ауыстырылады. «АрселорМиттал Теміртау» АҚ ЖЭО-2-де екі қазандық пен бір турбинаны күрделі жөндеу жұмыстары жоспарланған», – деді Нұржан Нақыпбеков.

Атқарылған жұмыстар мен жоспарлар туралы жылу көздерінің басшылары есеп берді. Кестеге сәйкес, барлық ЖЭО-да жөндеу жұмыстары осы айда басталады.


«Біз қандай қиын жағдайда жұмыс істесек те, тұрғындар жылу беру кезеңінде сапалы қызмет алуы тиіс. Биылғы жылды біз аяқтаймыз. 15–20 күн қалды. Келесі жылдың жылыту маусымына барынша дайындалуымыз керек. Жақсы ойластырылған жөндеу науқаны қажет», – деді облыс әкімі Жеңіс Қасымбек.

Өңір басшысы энергия бақылау департаментіне жылу көздеріндегі жөндеу жұмыстарының сапасын қадағалауды, ал ЖЭО басшыларына – барлығын мерзімінде бастауды және жабдықтардың уақытылы жеткізілуін қамтамасыз етуді тапсырды.


Соңғы жаңалықтар