Қарағанды облысында желтоқсанда лифттерді қалпына келтіретін ауқымды жоба іске қосылады

None
None
ҚАРАҒАНДЫ. ҚазАқпарат - Қарағанды облысында желтоқсан айында ондаған жыл жұмыс істемеген лифттер ауыстырылады, деп хабарлайды ҚазАқпарат ішкі саясат басқармасына сілтеме жасап.

Қарағанды облысы бағдарламаны іске асыру бойынша пилоттық өңір ретінде таңдалды, аталмыш жобаны алдағы уақытта республика бойынша іске қосу жоспарланып отыр.

Қарағанды облысы әкімдігі мен «ТКШ жаңғырту және дамытудың қазақстандық орталығы» АҚ ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды.

- Мәселе өте өзекті. Қарағанды облысында сегіз қалада: Қарағанды, Теміртау, Балқаш, Жезқазған, Шахтинск, Сәтбаев, Саран және Абай қалаларында лифт шаруашылығына тексеру жүргізілді. Көп қабатты үйлерде 361 лифт жұмыс істемейді. Және тағы 800-ге жуық көтергіш құрылғылардың пайдалану мерзімі аяқталуға жақын. ТКШ жаңғырту мен дамытудың қазақстандық орталығымен бірлесіп, біз үлкен жұмысты бастаймыз. Пилоттық жобаны іске асыруға желтоқсан айында кірісеміз. Жыл соңына дейін 10-20 лифті ауыстыруды жоспарлап отырмыз. Бұл тек бастамасы болады. Ал келесі жылы 160-170 жаңа лифт орнатамыз, - деді Жеңіс Қасымбек.

ТКШ жаңғырту және дамыту орталығы 8 жыл мерзімге 2 млрд теңге көлемінде қарыз береді. Тұрғындар бұл қаражатты біртіндеп өтейтін болады. Есеп айырысу бойынша әр пәтерден ай сайынғы төлем 4000 теңгеден аспайды.

- Бұл қысқа мерзімде көп жылғы проблеманы шешуге мүмкіндік береді. Менің ойымша, несие шарттары жеңілдетілген және қолайлы. Біз алдын ала үй тұрғындарымен жиындар өткіздік, тәртіп түсіндірілді. Әрине, белгілі бір сұрақтар болды. Әлеуметтік осал санаттағы отбасылар үшін басқа параметрлер болады, олар тұрғын үй көмегі арқылы шығындарды өтейді, - деп атап өтті облыс әкімі. – Жалпы, адамдар осы бағдарламаны асыға күтіп отыр деп айтқым келеді. Күн сайын 8-9 қабатқа жаяу шығу ыңғайсыз және өте қиын. Менің ойымша, келесі жыл осы проблема түбегейлі шешілетін болады.

Қарағандылықтар пилоттық жобаны жүзеге асыруға дайын, деп атап өтті кредиторлар. Бұл қадам жұмысты жедел бастауға мүмкіндік береді.

- Лифт шаруашылығы мәселесі бүкіл ел үшін өзекті. Республикада 4000-нан астам лифт ауыстыруды қажет етеді. Бағдарламаны пилоттық режімде біз Қарағанды облысында іске қосамыз. Қаржыландыру бөлінетін болады. Механизмдерді жетілдіреміз, - деп атап өтті «ТКШ жаңғырту мен дамытудың қазақстандық орталығы» АҚ төрағасының орынбасары Мейіржан Мәкенов.

2021 жылға дейін Қарағанды облысының көп қабатты үйлеріндегі жұмыс істемейтін 361 лифті толығымен ауыстыру жоспарланып отыр. Алдағы уақытта билік барлық лифт шаруашылығы нормативтік талаптарға сай келтіріледі деп үміттенуде.

Соңғы жаңалықтар