Қарағанды облысында жедел әрекет ету орталығы жұмысын бастады

None
None
ҚАРАҒАНДЫ. ҚазАқпарат – Қарағанды облысының әкімі Жеңіс Қасымбектің тапсырмасы бойынша жедел әрекет ету орталығы ашылады. Мұнда төтенше жағдай және карантин кезіндегі өңірдегі жағдай туралы барлық ақпарат келіп түседі.Сондай-ақ қажетті шешімдер қабылданатын болады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Жаңа құрылым өңірлік жедел штабтың негізгі шешім қабылдау орталығы болады.

«ЖӘО-ға біз барлық жұмылдырылған құрылымдар мен қызметтер мамандарын: полицияны, СЭҚ, әскери, облыстық денсаулық сақтау басқармасы, облыстық басқармалар мен департаменттерді жұмылдырдық. ЖӘО-на облыста не болып жатқаны туралы барлық ақпарат келіп түсетін болады. Жұмыс тәртібі-24/7. Бұл ақпарат одан әрі іс-қимыл бойынша ұсыныстарды талдау және әзірлеу үшін өте маңызды. Сондай-ақ, барлық қызметтердің қатысуы арқылы туындаған мәселелерді шешу жылдамдығы артады», - деді облыс әкімінің орынбасары Әлішер Әбдіқадыров Facebook-тегі парақшасында.

Орталықтың жұмысы бірқатар бағыттар бойынша құрылған: санитарлық-эпидемиологиялық қауіпсіздік және дезинфекция, азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету, тіршілікті қамтамасыз ету (ТКШ, энергетика), блок бекеттерінің жұмысын үйлестіру және т. б. Senim 109 қызметі ЖӘО-ның жедел қолдау желісі болады. Тұрғындар бұл желіге өздерінің барлық мәселелерімен жүгіне алады.

«Барлығымыз бірге бірқатар шектеулер жағдайында облыстың тыныс-тіршілігін қамтамасыз етуге тырысамыз. Басты міндет–коронавирустың кең таралуына жол бермеу және облыс экономикасына және тұрғындардың әл-ауқатына теріс әсерін азайту болып табылады», - деп атап өтті облыс әкімінің орынбасары.

Карантиндік аймақтағы кәсіпорындарда жұмыс істейтін тұрғындардың тізімі қалыптастырылды, деп хабарлады Әлішер Әбдіқадыров. Бұл ретте Қарағанды, Теміртау, Саран, Шахтинск және Абай қалаларының әкімдіктері көмек көрсетті. Бүгінгі күннен бастап, 2 сәуірде, адамдар бақылау бекеттері арқылы жұмысқа өтеді.


Соңғы жаңалықтар