Қарағанды облысында «Жасыл ел» жасағында 1 800 жауынгер жұмыс істейтін болды

None
None
ҚАРАҒАНДЫ. ҚазАқпарат – Қарағанды облысында QOLDAU коворкинг-орталығында «Жасыл ел» жастар еңбек жасақтарының XVII еңбек маусымының ресми ашылуы офлайн және онлайн режимде өтті. Барлық өңірлік штабтар еңбек жолдамаларын алды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Биыл Қарағанды облысында «Жасыл ел» қатарына 1 811 жауынгерді қабылдау жоспарланған.

Жауынгерлер елді мекендерді көгалдандыру, абаттандыру жұмыстарына қатысады, сондай-ақ олар түрлі тақырыптық іс-шаралар мен экологиялық акцияларға қатысады.

XVII еңбек маусымының ашылуында экология, туған өлкенің табиғаты және жастардың экологиялық мәдениетін арттыруға арналған «Жасыл аймақ» фотобайқауы жарияланды.

Өтінімдерді қабылдау 21-28 маусым аралығында өтеді. Содан кейін қатысушылардың жұмыстарын білікті қазылар алқасы бағалап, үш жеңімпазды таңдайды. Сондай-ақ, арнайы номинациялар да болады. Жеңімпаздар бағалы сыйлықтар мен алғыс хаттарға ие болады.

Байқауға қатысу үшін «Жасыл ел» жасағының жауынгері болу міндетті емес. Фотосуреттерді [email protected] поштасына 2-ден 10 мегабайтқа дейін jpeg форматында жіберу керек.

Хаттың мәтінінде аты-жөнін, телефон нөмірін және Instagram есептік жазбасын көрсету керек.

Фотобайқау туралы толығырақ 8-702-364-38-62 телефоны арқылы немесе Instagram-дағы @Jasylel_qaragandy парақшасынан білуге болады.

«Біз барлық ниет білдірушілерді «Жасыл ел« облыстық штабы өткізетін «Жасыл аймақ« фотобайқауына қатысуға шақырамыз. Өтінімдер бүгіннен бастап қабылданады. Осындай іс-шаралар – байқаулар, акциялар – еңбек маусымы бойы, яғни тамыз айының соңына дейін өтеді», – деді жастар саясаты мәселелері басқармасының басшысы Біржан Әлімжанов.

Айта кету керек, Қарағанды облысында 2018-2020 жылдар аралығында «Жасыл ел» жастар еңбек жасақтарының жұмысына 14–28 жас аралығындағы 4 мыңға жуық жауынгер қатысты.


Соңғы жаңалықтар